Вернуться к списку статей

Биылғы маусым ел футболына қандай таланттар сыйлады?

Футбол
1K
Биылғы маусым ел футболына қандай таланттар сыйлады?
Биылғы Қазақстан Премьер-лигасы ел футболына біраз талант сыйлады. Бәрі де болашағынан үлкен үміт күттіретін жігіттер. Егер өздерін тағы қамшылай түссе, алдағы екі-үш жылда-ақ ұлттық құрама сапынан орын алулары мүмкін. Ендеше бүгінгі тақырыбымызда биылғы Премьер-лигадағы таланттармен таныстуды жөн көрдік.

Биыл ел чемпионатында алаңға шыққан ең жас ойыншы – Владислав Прокопенко. «Астана» футбол клубының 17 жастағы шабуылшысы биылғы маусымда 4 ойын өткізіпті. Бірінші рет алаңға шыққанда шабуылшының жасы 16 жас 11 ай 25 күн болған екен. Бұл маусымның 25-і күні «Тарлан-Аренада» өткен «Астана» – «Оқжетпес» ойынының 83-ші минуты болатын. Влад матчтың 83-ші минутында Серікжан Мужиковты алмастырды.

2000 жылғы жасөспірімдерден Прокопенкодан бөлек, тағы екі ойыншы бар. Бірі «астаналық» жартылай қорғаушы Мәди Жақыпбаев, екіншісі «тараздық» талант Еркебұлан Сейдахмет. Мәди Премьер-лигадағы дебютті матчын былтыр-ақ өткізіп қойған. 2016 жылғы ел чемпионатының бірінші турында «Астана» Қарағандының «Шахтерін» қабылдап, 2:1 есебімен ұтты. Ал 92-ші минутта елордалықтардың бас бапкері Станимир Стойлов Патрик Твумасиді алаңнан алып тастап, небәрі 15 жастағы бозбала Мәди Жақыпбаевты алаңға шығарды. Биыл Жақыпбаев бір-ақ кездесуде алаңға шықты. Оның өзінде алаңда бір-ақ минут жүгірді. Ал маусым басталмай жатып-ақ жанкүйерлердің көзайымына айналған Еркебұлан Сейдахмет Премьер-лигада 15 кездесуде алаңға шыққан. Рас, бірде-бір ойынды бастан-аяқ өткізген жоқ. Бірақ Ваит Талғаев шәкіртін қызғыштай қорғап, бауырына баса отырып, асықпай тәрбиеледі. Бірыңғай ұлттық тестілеуге дайындалып жүргендіктен көбіне Тараздағы ойындарға ғана қатысып, еншісіне 472 минут, 1 гол соқты. Бұдан бөлек, тағы алты ойында хаттамаға кіріп, қосалқы құрамда отырды.

Назарларыңызға Премьер-лиганың ең жас ойыншыларының ондығы мен әр клубтағы ең жастарын кесте ретінде ұсынамыз.  



Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика