«Бәйтеректің» банкротқа ұшырайтындығы туралы сыбыстар өткен жылдың ортасында-ақ шыға бастағанымен ресми түрде кеше белгілі болды. Астанада өткен Кәсіпқой футбол лигасы кеңесінің мәжілісінде команданың биылғы біріншіліктен бас тартып, КФЛ құрамынан шыққандығы туралы хабарланды.
Мақаламызды әріден бастасақ. Әу баста «Бәйтерек» футбол клубы Бразилияның «Оле Бразил» академиясында тәлім алған жеткіншектеріміздің басын қосатын мемлекеттік спорттық жоба ретінде құрылған. Бірақ кіл жасөспірімдер Бірінші лиганың тәжірибелі ойыншыларына қарсы тұра алмайтын болғандықтан құрамына ересек футболшылар да тартылды. Сөйтіп, Андрей Кучерявых жаттықтырған команда бірінші маусымда-ақ 16 клубтың ішінде 4-ші орыннан көрінді. Бірақ одан кейінгі көрсеткіштері мәз болған жоқ. Ал былтыр «Бәйтерек» 10 команданың ішінде ең соңғы орыннан көрінді.
Енді неге команда банкротқа ұшырап, биылғы біріншіліктен бас тартты? Осы жерде клубтың құрылтайшыларын еске түсіреміз. «Оле Бразил» жобасын қолға алып, Бразилияға жеткіншектерді жіберу жайлы идеяны жүзеге асыру Штаттағы ұлттық командалар дирекциясына жүктелген. «Бәйтерек» клубын құрған да солар. Алайда, қазір «ауыздықпен су ішіп жүрген» Штаттағы ұлттық командалар дирекциясы Ұлттық Олимпиадалық комитетінмен текетіреске түсіп, өз бастарын әзер алып жүр. Әзірге Ұлттық Олимпиадалық комитетінмен тегеуріні қатты. Сондықтан, «Бәйтерекке» қарайтын шамалары да жоқ секілді.
Бірақ, «Бәйтеректен» басқа барар жерлері жоқ «оле бразильдіктер» қайтпек? Команда бірінші кезекте солар үшін құрылды емес пе? Мәселен, былтыр «Бәйтерек» сапында Бразилияда тәлім алған 16 ойыншы доп тепті. Осылайша бір мезетте соның барлығы кәсіпқойдан әуесқой футболшыға айналып шыға келуі де ғажап емес. Егер алдағы жазда Олжас Мұқанов, Рүстем Әбдіразақов, Мағжан Әбдеш сынды жігіттерді қалалық біріншіліктерден көріп қалып жатсаңыз, таңғалмаңыз.
– Жігіттермен енді не боларын, олардың енді қайда барарын білмеймін. Мен команданың соңғы бас бапкерімін. Өткен маусымда біріншіліктің аяқталуына үш ай қалғанда келісімшартқа отырғанбыз. Маусым соңында келісімшартымды үзді. Клуб директоры сол кезде-ақ «келесі жылы команда болмауы мүмкін» дегенді айта бастаған. Сыбыстың бәрі расқа айналып жатқан сияқты ғой. Өзім шыны керек, ешнәрсе білмеймін. Маған ешкім хабарласқан жоқ. Барлық жаңалықтарды сайттардан оқып жатырмын. Тек жігіттерге обал. Сонда Бразилияда құр босқа тәлім алып қайтты ма? Арасында талантты жасөспірімдер де аз емес еді. Бірақ, қазір мұның бәрін айта бергеннен не пайда? Сәл ғана шыдау қажет еді ғой. Тым болмағанда бір жыл шыдағанда одан арғысы көріне жатар еді, - деп ағынан жарылды өткен маусымда «Бәйтеректі» жаттықтырған отандық маман Қайрат Әубәкіров.
Жалпы, салыстырмалы түрде айтқанда Бірінші лига клубын қаржыландыруға көп қаржы қажет те емес. Қайбір клубтар 150 миллион теңгелік бюджетпен де маусымды абыроймен өткеріп жатыр. Жастардың томағасын сыпырып жүрген клубқа осынша қаржыны тауып бере алмағанымыз өкінішті-ақ.