Кеше ғана Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты «Алтай» клубының ісі ҚФФ Атқару комитеті отырысында қаралатындығын мәлімдеген...
Кеше, яғни 2 ақпан күні Астанада Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы мүшелерінің Жалпы жиналысы (немесе Лига кеңесі) өтіп, онда бірқатар маңызды мәселелер талқыланған. Соның бірі – сертификация мәселесі.
Таратып айтар болсақ, «Алтай» футбол клубының қазіргі жағдайы сертификация ережелеріне сәйкес келмейді екен. Сертификация талабына сәйкес, премьер-лигаға ойнайтын команданың құрылымында балалар мен жасөспірімдер футболы болуы керек.
Ресми түрде айтқанда, аталған заңды тұлғаның, яғни «Алтай» футбол клубының құрылымында балалар мен жасөспірімдер және жастар футболы оқшауландырылған бөлімше ретінде болуы тиіс екен.
Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты таратқан ақпаратқа сенсек, «Алтай» футбол клубына сертификация талаптарын орындау жөнінде бірнеше рет ескерту жасалған. Ал «Алтай» клубы міндетті түрдегі бұл шартты талап етпеуді өтінген...
Бүгін осы мәселе Қазақстан футбол федерациясының Атқарушы комитетінде қаралуы керек болатын. Ал отандық басылымдар таратқан ақпаратқа сенсек, ҚФФ «Алтайды» премьер-лигадан аластатқан, енді бұл команданың орнын «Тараз» клубы басады екен...
Ал Қазақстан футбол федерациясы мен Кәсіпқой футбол лигасы тарапынан әлі ресми ешқандай мәлімдеме болған жоқ...