Вернуться к списку статей

Патрик Твумаси қай клубты таңдар екен?

Футбол
1K
Патрик Твумаси қай клубты таңдар екен?
Желтоқсанның 7-сінде Прагада өтетін «Славияға» қарсы кездесу елордалықтардың бірқатар футболшылары үшін «Астана» сапындағы соңғы ойын болуы әбден мүмкін. Бұлардың қатарында Патрик Твумаси де бар.

«Астана» футбол клубының ганалық «қара маржанға» құда түсіп жатқан клубтар көп. Патрик Твумаси қайсысын таңдар екен...

Еуропа лигасында ерлеп жүрген 23-ші нөмірлі жартылай қорғаушы топтық турнирдің төрт ойынында үш гол соғып, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңдерінде алты матчта 5 голдың авторы атанды. Ел чемпионатындағы еңбегі де зор. 30 ойынға қатысып, 13 гол соғып тастапты. Биыл бірінші рет Гана ұлттық құрамасына шақырту алып, жақында Әлем чемпионатының іріктеу кезеңі аясында өткен Гана – Египет кездесуінде доп тепті. Сондықтан болар, күн санап Патрикке көз тіккен командалардың саны көбейіп келеді.

Алайда, осы жазда «Астананың» қос «қара маржаны» Патрик Твумаси мен Джуниор Кабананга клубпен келісімшартты ұзартып, 2019 жылға дейін елордалық клубта қалу жөнінде құжаттарға қол қойған болатын.

Десек те жартылай қорғаушы болғанымен шабуыл шебінде де жасындай жарқылдап жүрген «қара маржанға» жаздың соңында Түркияның «Бурсаспоры» ұсыныс тастаған. Одан кейін Шотландияның «Селтигі» тарапынан да шақырту түсіп, Украинаның «Динамосы» да өз өкілдерін Астанаға жіберіпті. Сондай-ақ, ганалықты өз қатарында көргісі келетіндердің қатарында Германияның «Штутгарты» да бар. Ал Твумасидің өзі қай клубты таңдар екен?

Оның үстіне, «Вильярреалдан» кейін Твумаси өзінің «инстаграмдағы» жеке парақшасына «егер кейбір ойыншылардың сараңдығы болмағанда, онда біз испаниялықтарды ұтар едік» деген пікір қалдырады. Рас, бір-екі күннен кейін бұл жазбаны таппай қалдық. Дегенмен, Твумасимен команда сапындағы бір-екі негізгі ойыншылардың өзара түсіністігі нашар екенін ұққандай боласың. Әйтсе де...

– Бәрі де бір Құдайдың қолында. Ертең не боларын ешкім білмейді. Бір анығы, менің «Астанамен» келісімшартым бар. Сондықтан, әзірге  ешнәрсе айта алмаймын. Келесі маусым туралы да бірнәрсе айтуға әлі ерте. Әзірге осы клуб үшін тер төгіп, өз командама қолдау көрсетумен қатар, жанкүйерлерімді қуанта бергім келеді, - деген болатын өзінің бір сұхбатында бұл туралы Твумасидің өзі.

Жалпы, Твумаси «Астанада» 2013 жылдан бері доп теуіп келеді. 2014 жылдың алғашқы жартысын Ресейдің «Амкарында» өткізгенімен жарты маусымнан кейін елордаға қайта оралған.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика