– Еуропадағы ертегіміз аяқталғанына қарамастан бүгін қызық ойынның куәсі болдық. Қанша дегенмен, қатарынан 17 ойында жеңілмеу деген үлкен ерлік. Ойын туралы айтар болсам, бізге сәл динамика мен қарқын жетіспеді. Егер аздап жылдамдық қосқанымызда нәтиже бұдан жақсырақ болар еді. Бес қорғаушымен алаңға шыққанымызға қарамастан қорғаныста көп қателестік. Агрессия да жетіспей жатты. Мұндай матчтарда футболшылар барын салулары қажет қой.
– Станимир, қалай ойлайсыз, Бакамбудың алаңға шығуы ойын тағдырын шешіп кеткен жоқ па осы?
– Бакамбу емес, біздің қорғаушылар шешті ойын тағдырын. Мен солай ойлаймын. Өйткені, қақпамызға үшінші гол соғылғанда қарсыластың аяғына допты өзіміз салып бердік. Бұдан бөлек, бірінші минуттан бастап, қорғанысқа көңіл бөлумен болдық. Қақпамызға жатып алдық. Қорықпай, алға атойлап шабу керек еді. Дегенмен, егер бірінші таймда 1:0 кезінде Патрик допты биік жібермей, қақпа торында тулатқанда, онда матч барысы мүлдем басқаша ағыспен өрбитін еді.
– Финалдық шабуылдарды тым кеш бастадық деп ойламайсыз ба?
– Иә, рас. Бірақ соңында ғана емес, матч бойы қарқынды жоғалтпай, қарсыласты қысып тастауымыз керек еді. Егер «Вильярреал» сияқты еңселі клубты жеңгің келсе, олардан көп жүгіріп, оларға қарағанда көбірек шабуылдауың қажет. Мен бүгін футболшылар алаңда тың болады деп сендім. Өйткені, демалысты жақсы өткіздік. Чемпиондықты атап өтіп, осы матчқа дайындалдық. Бірақ, қарқын баяғыдай болмады. Негізі бүгінгіге қарағанда біз «Вильярреалмен» Испанияда жақсы ойнағанбыз.
– Срджан Граховацтың алаңға шығуымен «Астананың» ойынына әр кірді. Бәлкім, оны ертерек шығару керек пе еді?
– Иә, солай болды. Граховац біздің ойынымызға қарқын қосып, шабуылда креатив берді. Рас айтасыз. Бәлкім, кішкене ертерек алаңға қосқаным дұрыс болар ма еді.
– Матчқа екінші таймда тыңнан қосылған Марин Томасов, шынын айтсақ, түк тындырған жоқ. Оның орнына басқа ойыншыны шығару қажет пе еді?
– Футболшыны алаңға шығарғанда оның ойынды өзгертетініне сенесің ғой. Ал алаңға шыққанда қалай боларын алдын ала білмейсің. Расымен де алаңға тыңнан қосылған ойыншы команданы әлсіретпеу керек, керісінше күшейтуі тиіс. Егер келесі жолы да осындай жағдай қайталанса, онда Марин қайта алаңға шықпайтын болады.
– «Вильярреалдың» бірінші голын үзіліске сәл қалғанда жіберіп алдық. Қалай ойлайсыз, екінші таймда еңсемізді түсіріп шығуымызға осы гол себеп болған шығар?
– Ол жерде басымдық бізде болған. Бұрыштама көтердік. Бірақ, қарымта шабуылды өткізіп алдық. Қорғаныс пен жартылай қорғаныс арасындағы балансты жоғалтып алдық. Ел чемпионатында да екі рет осындай жағдай болған. Бұл голдың футболшыларға қаншалықты әсер еткенін білмеймін. Алайда, ешнәрсеге қарамастан өз ойынымыздан танбауымыз керек еді.
– Ойынның соңғы минутында «Вильярреал» қорғаушылары Кабананганы құлатқандай көрінген. Бас төреші керісінше, қонақтардың позициясын ұстанып, Жуниорға ескерту қағазын көрсетті де, біздің тарапымызға қарай еркін соққы белгіледі. Төреші дұрыс шешім қабылдады деп ойлайсыз ба?
– Шешімді шығаратын бас төреші ғой. Енді не десең де ешнәрсе өзгерте алмайсың. Меніңше Кабананга симуляция жасаған жоқ. Құлады да, дереу орнынан атып тұрып ойынды жалғастырып кетті. Бірақ төреші ысқырды да, оған сары қағаз көрсетті. Кім біледі, бізді гол соғып, есепті теңестіріп кете ме деп қорқып кетті ғой деймін.
– 17 күн демалыс «Астанаға» бүгін кесір болған сияқты. Алда тағы екі апта демалыс күтіп тұр. Прагада қиын болмай ма?
– Ұзақ демалыстың пайдасы да бар, зияны да көп. Қазақстанда барлық команда демалысқа шығып кеткен. Жолдастық кездесуге шақыратын ешкім болмады. Ал Прагаға біз кемі бір апта бұрын барамыз. Ол жақта толығымен «Славияға» қарсы дайындалып, жергілікті бір-екі клубпен жолдастық кездесу өткіземіз. Бұл тұрғыда жұмыстар қазірден бастап жүргізіліп жатыр.