Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы ұйымдастырған сауалнамаға Бірінші лига клубтарының басшылары, бас бапкерлері мен команда капитандары қатысты. Үздік ойыншыны анықтауда респонденттер үш ойыншыдан атау керек болыпты. Бірінші орынға 3 ұпай, екіншіге 2 ұпай және үшінші орынға 1 ұпайдан беріліп отырды. Ал «Маусым ашылуы» номинациясын анықтауда респонденттер бір ойыншының есімін ғана атауы қажет болды.
Осылайша, Бірінші лигадағы 2017 жылдың ең үздік ойыншысы болып «Жетісу» футбол клубының украиналық легионері Артем Касьянов танылды. Ол респонденттердің 54 баллын жинаған. Екінші орынды 16 ұпаймен «Қызыл-жардың» босниялық шабуылшысы Бошко Ступич жеңіп алса, үздік үштікке «Жетісудың» тағы бір жартылай қорғаушысы Сабырхан Ыбыраев енді. Оның да еншісінде 16 балл бар. Бірақ, Бошконы бірінші орынға қойғандар көбірек.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасы ұйымдастырған сауалнаманың қорытындысы бойынша, бұған дейін Премьер-лиганың үздік ойыншысы номинациясы «Қайраттың» экс-шабуылшысы Жерар Гоуға бұйырып, «Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов өткен маусымның ең үздік жаттықтырушысы атанған. Ал ең үздік жас ойыншы мен «маусым ашылуы» номинациялары «тараздық» Бақтияр Зайнутдиновке бұйырған.
БІРІНШІ ЛИГАНЫҢ ҮЗДІКТЕРІ
1. Артем Касьянов (Жетісу) – 54 балл,
2. Бошко Ступич (Қызыл-Жар) – 16 балл,
3. Сабырхан Ибраев (Жетісу) – 16 балл,
4. Олег Хромцов (Жетісу) – 13 балл,
5. Едіге Оралбай (Мақтаарал) – 9 балл.