Вернуться к списку статей

2020 жылғы Еуропа чемпионатына дайындықты қазірден бастадық

Футбол
1K
2020 жылғы Еуропа чемпионатына дайындықты қазірден бастадық
Бүгін Талғардағы Қазақстан жасөспірімдер құрамасы жиналып, алғашқы жаттығуларын өткізді. Ол жақта жеткіншектеріміз бір апта бойы дайындықтарын пысықтайтын болады.

Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жеткіншектер құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионатына дайындыққа қазірден кірісіп кеткен секілді. Келесі жылы өтетін іріктеу додасына футболшыларымыз дайындықтарын қазірден пысықтап жатыр.

Талғардағы Құрама командалардың оқу-жаттығу базасына Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Игорь Свечников тұп-тура 30 ойыншыны шақыртыпты. Бәрінен де «Қайраттың» ойыншылары көп. Отыздың 11-і Алматыдағы академиядан. Бір қызығы, футбол таланттарының отаны саналатын Тараздан бірде-бір футболшы жоқ. Бұл нені білдіреді, Таразда талант таусылды ма, әлде бапкерлер алқасының назары бұл қалаға жетпей қалды ма?

- Алдағы оқу-жаттығу жиынының негізгі мақсаты – резервтегі ойыншыларды қарап шығу. Көптеген ойыншылар үшін бұл жиын Қазақстан құрамасына алағашқы шақырту болмақ. Болашағы бар ойыншылардың шеберлік деңгейін мұқият зерттеп көргіміз келеді. Жоғары деңгейдегі ресми ойындарға үміткерлердің қаншалықты дайын екенін ұғыну қажет. Бұл істе оқу-жаттығу жиыны аясында алматылық «Қайрат» академиясының тәрбиеленушілерімен жоспарланған кездесулер көмектеседі деп санаймын. Осы ойынды талдап, әлсіз және мығым тұстарымызды анықтап, қорытынды шығарамыз, – Игорь Свечниковтің өзі.

Қазақстан U-17 құрамасының ойыншылары:

Қақпашылар: Данил Слабко («Тобыл»), Илья Губенко («Шахтёр»), Владимир Бирюков («Қайрат»);

Қорғаушылар: Данияр Айбекулы, Абдулла Шен, Роман Балута (барлығы - «Кайрат»), Мұртаза Құдайбергенұлы, Әкежан Төлеген (екеуі де - «Оңтүстік» академиясы), Дмитрий Токунов («Тобыл»), Мағжан Бауыржан («Қайсар»), Юрий Аханов («Астана»), Данил Денисов («Ертіс»);

Жартылай қорғаушылар: Дамир Қасқаболат, Омар-Василь Нұртаев, Әлібек Жұмабек, Ален Айманов, Ғани Сүлеймен, Александр Бовкун (барлығы – «Қайрат»), Денис Митрофанов («Алтай»), Алдияр Тастанов («Астана»), Рахат Жұмабеков («Тобол»), Айдос Белгібаев, Юрий Рогальский (екеуі де - «Иртыш»), Әділет Қуаныш («Қайсар»), Давид Тарасов («Шахтер»), Ұлықбек Рүстембеков («Оңтүстік»);

Шабуылшылар: Арман Алтаев («Қайрат»), Руслан Киргенов, Байжан Мәделхан (екеуі де - «Астана»), Данил Дубровин («Тобыл»);

Жаттықтырушылар алқасы: Игорь Свечников - аға жаттықтырушы, Иван Азовский - аға жаттықтырушының көмекшісі, Ерлан Махамбедиев - аға жаттықтырушының көмекшісі, Николай Родионов - қақпашылардың жаттықтырушысы.

Енді Талғарда жеткіншектер 28 қарашаға дейін жаттығады. Жалпы, Қазақстан футбол федерациясының мәлімдеуінше, жеткіншектеріміз осы жиын арқылы 2018 жылдың күзінде өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу турниріне дайындықтарын пысықтамақ. Қарсыластарымыз әлі белгісіз. Желтоқсанның 6-сы күні УЕФА жеребе тарту рәсімін өткізуі тиіс. Сол кезде кімдермен кездесетініміз белгілі болады.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика