Вернуться к списку статей

Қазақстан қырандары Уэльс ұландарын ұтты

Футбол
1K
19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы – Түркияда. Фото: tff.org
19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасы Түркияда Уэльс ұландарын 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Қазақстан-U19 құрамасы 2018 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы үшінші ойынын өткізіп, жеңіске жетті. Егер Түркия бозбалалары Словакия таланттарын ұтқанда, Александр Кузнецовтің шәкірттеріне екінші орынмен келесі кезеңге шығу мүмкіндігі де пайда болар еді. Бірақ түріктер 2:3 есебімен ұтылып қалды...

13-іріктеу тобының соңғы ойынында Қазақстан-U19 құрамасы екі бірдей белді ойыншысына сенім арта алмады. Бірі – өткен ойында алаңнан қуылған, команда капитаны Дінмұхаммед Қашкен де, екіншісі осы құраманың сұрмергені – Еркебұлан Сейідахмет. Әйтсе де, жас таланттарымыз жанкештілік танытты.

Есепті Уэльс ұландары ашқан болатын. Осыдан кейін Қазақстан-U19 құрамасының жаттықтырушысы екі ойыншысын алмастырып, тактикалық өзгерістер енгізді. Ал бірінші таймның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттар аяқталуға айналғанда, Мәди Жақыпбаев таразы басын теңестірді.

Екінші таймның ортасына қарай Уэльс кем құрамда қалды. Гол соққан ойыншысы алаңнан қуылды. Бір ойыншымыз артық Қазақстан-U19 құрамасы шабуылды үдетіп екі гол соқты (Жақыпбаев пен Пайруз). Алайда матч соңына қарай британиялықтар пенальтидің арқасында есепті қысқартты.

Ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минуттардың аяғында Мәди Жақыпбаевтың үшінші рет гол соғатын мүмкіндігі болған. Бірақ «Астана» клубының жас футболшысы пенальтиден мүлт кетіп, есепті еселей алмады. Десек те, 19 жасқа дейінгі еліміздің жасөспірімдер арасындағы құрамасы УЕФА туы астында жеңіске жетті.

Осы ретте ерекше айта кетерлігі, осы жас санатындағы құрамамыз, яғни Қазақстан-U19 құрамасы УЕФА туы астында бірінші рет төрт ұпай иеленіп отыр. Бұған дейін 2009 жылы бір рет жеңіске жетіп, ал 2013 жылы тең түсіп жалқы ұпай еншілеп, жеңілістен көз ашпай жүретін. Тіпті ойсырай ұтылған матчтары көп еді...   

2018 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі. 13-топ.

І тур:

Түркия-U19 – Қазақстан-U19 – 3:0

Словакия-U19 – Уэльс-U19 – 2:1

ІІ тур:

Түркия-U19 – Уэльс-U19 – 2:1

Қазақстан-U19 – Словакия-U19 – 0:0

ІІІ тур:

Словакия-U19 – Түркия-U19 –3:2

Қазақстан-U19 – Уэльс-U19 – 3:2

Голдар: Спрус, 11 (0:1). Жақыпбаев, 45+2 (1:1). Жақыпбаев, 69 (2:1). Пайруз, 76 (3:1). Каллен, 82-пенальтиден (3:2).

90+5-минутта Жақыпбаев пенальти соға алмады.

Ескертулер: Астанов, 38. Скворцов, 43. Тұрсынбай, 60. Жақыпбаев, 72. Орал, 80 – Спрус, 15. Сесс-Дейвис, 51. Левитт, 80. Пжибек, 90+5.

Алаңнан қуылды: Спрус, 65 (екінші ескерту).

Қазақстан-U19: Устименко, Нұрдалиев, Тұрсынбай, Батырханов, Аманжолов, Сүйінов (Астанов, 28), Сағынаев, Орал, Кан (Совет, 68), Жақыпбаев, Скворцов (Пайруз, 45+1).

Уэльс-U19: Пжибек, Кларк, Уильямс (Муни, 85), Левитт, Спрус, Эванс (Турай, 60), Сесс-Дейвис, Боденем, Барроус (Спенс, 76), Купер, Каллен.

Бас төреші: Деян Якимовски (Македония)

13 қараша. «Арслан Зеки Демирджи» стадионы, Анталия, Түркия.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 12 – 17
Тура соққы: 6 – 6
Қиыс кеткені: 1 – 4
Тойтарылғаны: 5 – 7
Бұрыштама соққылар: 4 – 9
Офсайдтар: 0 – 1
Ескерту (сары қағаз): 5 – 5
Алаңнан қуылды (қызыл қағаз): 0 – 1
Ереже бұзу: 23 – 17


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика