Вернуться к списку статей

Жерар Гоу "Қайратпен" қоштасты

Футбол
1K
Жерар Гоу
«Қайрат» футбол клубынан басты сұрмергені Жерар Гоу кетті. Ивуарлық сұрмерген «инстаграмдағы» жеке парақшасы арқылы алматылық жанкүйерлермен және клуб басшылығымен қоштасты.

Жерар Гоудың «Қайраттан» кетуі мүмкін екендігі туралы бұған дейін де айтылып жүретін. «Қайрат» футбол клубы әлі ресми мәлімдеме жасамағанымен шабуылшының өзі «инстаграмдағы» жеке парақшасы арқылы жанкүйерлерге жолдау жасады:

– Қазақстанның барша халқынан бастап, барлығыңызға рахмет айтқым келеді. Мен сіздерді жақсы көремін. Осы күнге дейін мені өз балаларыңыздай көріп, бауырларыңызға алдыңыздар. Футболды сүйетін баршаларыңызға рахмет! ҚФФ-ға рахмет! Қуанышта да, қайғыда да бірге болып, әр кез бізді қолдаумен келген «Қайрат» футбол клубының барша жанкүйерлеріне рахмет! Ыстыққа бірге күйіп, суыққа бірге тоңған барша командаластарыма рахмет! Біз қазақ футболын жоғары деңгейге көтеру үшін барымызды салдық. Ешқашан «Қайрат» футбол клубын ұмытпаймын. Әсіресе, мені өз баласындай қабылдап, қазақ футболына талантымды танытуға мүмкіндік бергені үшін клуб президентіне алғыс айтамын.

Осы жолдау арқылы «Қайратпен» жолымыздың екіге айрылғанын хабарлағым келді. Бірақ, халықтық командаға көмектесуге әрдайым дайын боламын. Сондай-ақ, қазақ футболын қуанышқа бөлеу үшін көп ұзамай қайта ораламын деп үміттенемін. Мен сіздерді жақсы көремін! Алға, Қайрат!

Әзірге Жерар Гоудың келесі маусымды қай командада, қай елде өткізетіні туралы ешқандай мәлімет жоқ. Дегенмен, Сербия чемпионатының көшбасшыларының бірі Белградтың «Партизаны» қызығушылық танытып жатыр деген сыбыс бар.

Жалпы, 28 жастағы ивуарлық сұрмерген «Қайратқа» 2014 жылы Ресейдің «Краснодарынан» келген. Осы күнге дейін алматылық команданың сапында 138 ойын өткізіп, 99 голдың авторы атанған. Биыл Премьер-лигада 24 гол соғып, чемпионаттың үздік сұрмергені атанды. Сонымен қатар, биыл ел кубогында үш, Еуропа лигасында төрт гол соққан. 2015, 2016 және 2017 жылдардағы еліміздің үздік сұрмергені. «Қайратта» доп теуіп, үш рет ел чемпионатының вице-чемпионы атанса, бір рет қолаға қол жеткізген. Бұдан бөлек, үш мәрте ел кубогын жеңіп алып, екі рет Қазақстан Суперкубогының иегері атанған. «Қайратқа» дейін Кот-д’Ивуар, Марокко, Швейцария, Түркия, Ресей чемпионаттарында доп тепкен.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика