«Қайсардың» екінші командасы «Байқоңырды» келесі маусымға Сұлтан Әбілдаев дайындайтын болады. Ал бұған дейін «Байқоңырды» жаттықтырған Ерлан Шойтымов «Қайсар» футбол орталығының жетекшісі болып тағайындалды.
Жалпы, Ерлан Шойтымов футболшылық карьерасын аяқтаған соң 2014 жылы «Қайсар» футбол орталығында 2000 жылғы жеткіншектерді дайындап, командасын Қазақстан біріншілігінің финалдық кезеңіне дейін жеткізген. Одан кейін 2015 жылы «Байқоңырды» баптап, Бірінші лигада 13 команданың ішінде 11-ші орыннан көрінген. 2016 жылы қайта футбол орталығына ауысты да, биыл маусым алдында «Байқоңырдың» тізгінін қайта ұстап, Бірінші лигада 5-ші орынға жеткізді.
Ал 13 маусым «Қайсар» сапында доп тепкен Сұлтан Әбілдаев 2009-2016 жылдар арасында клуб құрылымында әртүрлі қызметтер атқарып, 2016 жылы команданың бас бапкері болып тағайындалды да, қызылордалықтарды Премьер-лигаға шығарды. Биыл Стойчо Младеновтың көмекшісі қызметін атқарды.
Айта кетейік, жақында клуб басшыларымен кездескен Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев «Байқоңырдың» да жетістіктерін атап өтіп, келесі маусымда команданы Премьер-лигаға шығаруға тапсырма берді.