Вернуться к списку статей

Қуаныш ҚАРАҚҰЛОВ – "Мақтаарал" Премьер-лигада ойнауға лайық еді

Футбол
1K
Қуаныш Қарақұлов –
Құрылғанына бес-ақ жыл болған, Бірінші лигада 4-ші орын алған, облыстың емес, жай ғана ауданның командасы Премьер-лига клубын сәл болмағанда жеңіп кете жаздады.

Кеше «Астана-Аренада» Оралдың «Ақжайығы» мен Жетісайдың «Мақтааралы» Премьер-лиганың өтпелі ойынын өткізіп, оңтүстік қазақстандықтар жоғарғы дивизионның командасына кәдімгідей қарсылық көрсетті. Ойын соңында «Мақтааралдың» бас бапкері Қуаныш Қарақұловпен аз-кем сұхбаттасып, команданың ахуалы жайлы білген едік.

– Қуаныш, «Ақжайықпен» болған ойын жайлы өз ойыңызбен бөліссеңіз.

– Біріншіден, бізге қолдау көрсеткен барша жанкүйерлерге рахмет. Жетісайдан ат сабылтып, бір автобус толы фанаттар келді. Олар бір жарым тәуліктей жол жүрді. Қолдауларын сезіндік. Ал «Ақжайықтың» бізден мықтырақ болғанын мойындаймын. Бірақ біздің жігіттер де жеңіс үшін барын салды. Сәл сәттілік жетіспеді. Ойыннан кейін жігіттерге жігерліктері үшін алғыс айттым. Бар жоспарымыз жүзеге асты. Тек шеберлік қана кемшіндеу болды. Әйтпесе, Премьер-лигаға шығып кетер едік.


– Ойын алдында клуб басшылығымен, аудан басшылығымен сөйлескен шығарсыз. Олар осы матчқа қандай мақсат, қандай тапсырма қойды?

– Біздің ауданда футболға қызығатын атқамінерлер көп. Клубымыздың директоры солардың қатарынан. Әлбетте, Премьер-лигаға шығуды мақсат тұттық. Клуб директоры да алдымызға сондай тапсырма қойды. Аудан басшылығы да сәлемдемелерін жолдап жіберді. Кейбір облыс орталықтарына қарағанда біздің ауданда футбол әлдеқайда жақсы дамыған.

– Амбицияларыңыздың зор екенін түсіндік. Бірақ, Премьер-лигада ойнауға шамаларыңыз жетер ме еді?

– Сіз қаржы жағын айтып отырсыз-ау, шамасы. Егер Премьер-лигаға өткенімізде аудан басшылығы, облыс әкімшілігі біздің жағдайымызды қарастырар еді. Клубты күшейтуге қаржы бөліп, Премьер-лигаға лайықты ойыншылар алар едік. Бұл жағынан проблемалар болмас еді деп ойлаймын. Жалпы, «Мақтаарал» Премьер-лигада ойнауға лайық еді.

– Премьер-лиганың өтпелі ойыны секілді маңызды матчтың қарсаңында негізгі сұрмергендеріңіз Едіге Оралбайды Қазақстан жастар құрамасының оқу-жаттығу жиынына жіберіп қойғандарыңыз қалай? Әлде, «Мақтааралға» бұл ойынның маңызы болмады ма?

– Едіге Оралбай биыл біздің ең маңызды ойыншыларымыздың бірі болды. Оны бұған дейін де жастар құрамасына шақырып қалатын шығар деп ойлаған едік. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір шақырту алатынын білдік. Дегенмен, құрама командадан шақырту күнде келе бермейді. Ал шақырту алды ма, демек, бару керек. Әлбетте, жастар құрамасының оқу-жаттығу жиынына қарағанда «Ақжайықпен» болатын матч маңыздырақ болатын. Бірақ, бізде Едігесіз де ойын тағдырын шеше алатын басқа жігіттер бар. Соларға мүмкіндік беруді жөн көрдім. Сондықтан, ұзақ ойланып, бұл футболшыны жастар құрамасының жиынына жіберуді жөн көрдім. Қателескен жоқпын деп ойлаймын.

– Енді келесі маусымға қандай жоспар мен мақсаттар құрасыздар?

– Келесі маусым Бірінші лига биылғыдан да тартысты болайын деп тұр. «Тараз» бен «Оқжетпес» қосылды. «Алтайдың» да амбициясы зор. «Жетісу» да Бірінші лигада командасын қалдырып отыр. Бұлардан бөлек, «Қайраттың» академиясы мен «Байқоңыр» сынды командалар да биыл жақсы жағынан көрінді. Әр ойын тартысты болатын сияқты. Дегенмен, біздің мақсатымыз осы. Келесі жылы да Премьер-лигаға жолдама жеңіп алуды көздейміз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика