Вернуться к списку статей

Комментаторды футболшылар арасынан іздеу керек...

Футбол
2K
Қазақтың футболшы комментаторлары...
Әсілі, комментаторларды спортшылар арасынан іздеген дұрыс. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар үрдіс.

Қазір «Qazsport» телеарнасында футболды орыс тілінде «Қызыл-Жар» клубының жартылай қорғаушысы Али Алиев жүргізіп жүр. Басында сарапшы ретінде жиі қонаққа шақырылып еді. Енді тіпті комментаторлық қызметті де бастапты. Тамаша! Әрі кәсіби тұрғыда өте сауатты жүргізеді. Бәрін жіктеп, жіліктеп отырады. Артық сөзі жоқ. Тарихты қопарып (дайындап әкелген қағаздарын оқып), алаңдағы футболды ұмытып кетпейді.

Негізі, комментаторды журналистер ішінен ғана емес, спортшылар арасынан да іздеген дұрыс. Спортшылар бұл салаға соны үлес қосады. Жетілдіре түседі. Кәсіби мектеп қалыптастырады. Өйткені, олар – осы саланың жілік майын шаққан білікті мамандары.

Кезінде алпауыт КСРО да «спорттық комментаторлықты қалай дамыту керек» деген мәселемен бас ауыртқан. Спорттық журналистика туралы бір кітаптан оқығаным бар, Кеңес Одағы осыдан бірнеше жыл бұрын зерттеу жүргізіпті. Футболдан әлем чемпионаты финалының гол соғылған сәтін, бірнеше тілде жеткізілген нұсқасын салыстырып көрген.

«Қай елдің комментаторлары осы сәтті көрерменге қалай жеткізді екен», деп саралап шыққан. Сонда ағылшын, испан, француз, бразилиялық комментаторлардың дәл сол мезеттегі сөздері мен интонациялары аса тартымды және өте әсерлі болған. Ал біз салыстырсақ ше?..

Сонымен қатар, әлгі кітаптан көзіме түсіп, есімде қалғаны, суда мәнерлеп жүзу мен көркем гимнастиканы ер азаматтардың жүргізгені ерсілеу екен-дүр. "Бұл спорт түрлерінде қыз-келіншектердің комментатор болғаны дұрыс" деген пікірлерімен келісуге де болатын сияқты. Әрі бізге де ойлану керек-ау, осы...

Енді бір көңіл аударарлық жәйт, КСРО кезінде зерттеу жүргізушілердің пайымдауларынша, “мұрнының суы әлі кеппеген” жас журналист «мен солай ойлаймын», «менің ойымша», «мен...» деп тақылдап отырса, мұның білікті футбол мамандары мен көзі қарақты көрермендердің қытығына тиюі әбден мүмкін екен. Сондықтан болар, кезінде КСРО телевизиясы комментаторлыққа еңбек сіңірген спорт шеберлері мен халықаралық дәрежедегі спорт шеберлерін тартты.

Спортта қол жеткізген жетістіктері телегей-теңіз осындай мамандар «менің ойымша» деп, қалай айтса да, көрерменнің көңіліне дық салмайтын, қаяу түсірмейтін көрінеді. Тіпті жарасып-ақ тұрады екен. Өйткені олардың арасында Олимпиада және әлем чемпиондары да болған.

Енді КСРО тұсында коментаторлыққа тартылған, әрі халық сүйспеншілігіне бөленген тұлғалардың біразын (есімізге түскендерін) тізіп шықсақ:

Николай Озеров – теннистен КСРО еңбек сіңірген спорт шебері;

Владимир Маслаченко – футболдан КСРО еңбек сіңірген спорт шебері;

Владимир Перетурин – футболдан КСРО спорт шебері;

Геннадий Орлов – футболдан КСРО спорт шебері;

Евгений Майоров – шайбалы хоккейден КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы (1964 жыл);

Александр Гомельский – баскетболдан КСРО халықаралық дәрежедегі спорт шебері;

Анна Дмитриева – теннистен КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, КСРО-ның 18 дүркін чемпионы;

Нина Ерёмина – баскетболдан КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионы;

Георгий Сурков – академиялық ескек есуден КСРО спорт шебері;

Владимир Карнеев – мотоспорттан КСРО еңбек сіңірген спорт шебері, КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы;

Сергей Кононыхин – мәнерлеп сырғанаудан КСРО спорт шебері, халықаралық дәрежедегі төреші...

Негізі, бұл тізімді одан әрі жалғастыра беруге болар еді. Себебі Евгений Зимин (шайбалы хоккей), Сергей Гимаев (шайбалы хоккей), Николай Пучков (бокс, төреші), Андрей Кондрашов (шаңғы жарысы), Евгений Чен (жеңіл атлетика), Сергей Наумов (су добы), Лидия Иванова (спорттық гимнатика), Елена Гришина (семсерлесу), Ольга Богославская (жеңіл атлетика), Елизавета Кожевникова (фристайл) сынды спортшылар да кейіннен комментаторлық қызметті дөңгелетіп әкетті.

Ресейдің қазіргі комментаторлары арасында да бұрынғы спортшылар көп. Өте көп. Өздеріңіз білетін, Константин Генич пен Владислав Батурин де футболшы болған. Тізе берсек, басқа спорт түрлерінде де осындай мамандары, танымал спортшылары баршылық.

Ал бізде ше?! Бірінші – Диас Омаров ағамыз. Одан кейінгісі осы Али Алиев қой деймін. Қазақ тілінде әлі ешкім жоқ секілді (сарапшы ретінде шақырылып жүргендерді есепке алып отырған жоқпын)... Негізі, спортшылар арасында таланттар жоқ емес. Бар! Өлең шығаратындары да бар, кітапты көп оқитындары да жеткілікті. Іздемей, таппай жүрген – өзіміз...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика