Санкт-Петербургтегі Гранаткин мемориалында пайда болған қазақ футболының таланты Еркебұлан Сейдахмет енді үш күннен кейін 17 жасқа толады. Өзге құрдастары 10-шы сыныпта үй тапсырмасымен әлек болып жатқанда тараздық талант Әзірбайжан және Литва қақпашыларын қапы қалдырып, Словения, Грекия, Ресей жанкүйерлерін таңғалдырып жатты. Турнирдің үздік шабуылшысы атанды. Әлбетте, бұл жас футболшы үшін ерен жетістік, әрі зор мақтаныш. Бірақ, мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Алда Еркебұланды әлі талай сынақ күтіп тұр. Сондықтан, сыныптастарымнан артықпын деген ой тумас үшін арнайы Еркебұланға арнап, әлем футболындағы ең таңдаулы жеті құрдасын жинақтаған едік. Ендеше, осыларға қарап өссін, осыларды өзіне бәсекелес көрсін деген ағалық ниетімізді арнаймыз.
Пьетро ПЕЛЛЕГРИ (Дженоа, Италия) – 17.03.2001. Шабуылшы
Пьетро Генуя командасының 17 жасқа дейінгі фарм клубына 14 жасынан бастап-ақ шақырту алған. Алайда, ол командада ұзақ тұрақтамады. Жас талант өз қабілетінің арқасында «Дженоаның» U-19 командасына ауысып кетті. Ал 2016 жылдан бастап негізгі құраммен бірге жаттыға бастады. Өткен жылдың желтоқсан айында клубтың бас бапкері хорватиялық Иван Юрич жас сұрмергенді «Ториноға» қарсы алаңға шығарып көрді. Бұл кезде оның жасы небәрі 15 жас 280 күн болатын.
Анхель ГОМЕС (Манчестер Юнайтед, Англия) – 31.08.2000. Шабуылшы
Анхель Гоместің таланты жайлы алғашқы әңгімелер 2015 жылы шыға бастаған еді. Ол кезде шабуылшының жасы небәрі 14-те болатын. Соған қарамастан «Манчестер Юнайтед» академиясының U-18 командасында атой салып жүрді. Өткен жылдың тамыз айында Анхель «Эвертон» жастар құрамасының қақпасына хет-трик жасап, «МЮ U-18» сапында бір ойында үш гол соққан ең жас ойыншы атанды. Болашақта бұл шабуылшы «қызыл сойқандардың» жаңа ғасырдың бас жылдарындағы сұрмергендері Дуайт Йорк пен Энди Коул сияқты болады деген пікірлер жиі айтылады.
Райан БРЮСТЕР (Ливерпуль, Англия) – 01.04.2000. Шабуылшы
«Манчестер Юнайтедтегі» Анхель Гомеске «Ливерпульдің» жауабы. Әуелі «Челси» академиясында футболдың бар сиқырын үйренген Райан Брюстер 2015 жылдың қаңтар айында «Ливерпульге» ауысқан. Кезінде Даниэл Старриджді жіберіп қойып бармағын тістеген «ақсүйектер» Брюстерді беріп қойғаны үшін де әлі талай өкінетін шығар. Жас талант «Ливерпульдің» негізгі құрамында әлі алаңға шықпаса да алдағы үш-төрт жылда басты сұрмергені болып қалуы әбден мүмкін. Англия жасөспірімдер құрамасында әр ойын сайын гол соғып, тіпті хет-трик жасап жүрген бұл шабуылшының есімін алдағы уақытта әлі талай еститініміз анық.
Алессандро ПЛИЦЦАРИ (Милан, Италия) – 12.03.2000. Қақпашы
«Қақпашы – жақсы вино секілді, жасы жеткен сайын күшейе түседі» деген сөз бар ғой. Бірақ, мұның «Миланға» әсте қатысы жоқ. Бұл қағиданың «Россоньеррилерге» түк қатысы жоқ. Бұлардың әр матчта хаттамаға енетін екі қақпашысы да әлі 18-ге толмаған жап-жас жігіттер. Мейлі, Джанлуиджи Доннарумма біздің Еркебұланнан бір жас үлкен делік. Доннарумма 25 ақпанда 18-ге толады. Ал Алессандро Плиццари тараздық талантпен түйдей құрдас. Осы маусымнан бастап «Милан» сапына шақыртылып жүрген Плиццари алдағы бір-екі жылда Джиджи Буффонның да, Джиджи Доннарумманың да «бас ауруы» болуы әбден мүмкін.
Кейн УИЛСОН (Вест Бромвич, Англия) – 11.03.2000. Қорғаушы
Уилсон «Вест Бромвич» академиясына 7 жасында келді. 2015-2016 жылғы футбол маусымында негізінен клубтың U-18 жасөспірімдер командасында өткізіп, U-21 жастар командасының сапына үш-ақ рет шақырылды. Онда да негізгі құрамда алаңға шыққан жоқ. Бірақ, бас бапкердің көзіне түсу үшін соның өзі де жеткілікті еді. Былтыр «Вест Бромвичтің» негізгі құрамымен бірге жазғы оқу-жаттығу жиындарына қатысып, «Пари Сен-Жерменге» қарсы алаңға шықты. Бұл маусымда Англия кубогының аясында бір кездесу өткізіп үлгерді.
Александр ИСАК (Боруссия Д, Швеция) – 12.09.1999. Шабуылшы
Эритрейлік қаны бар Швеция ұлттық құрамасының шабуылшысы Александр Исактың жасы небәрі 17-де. Бірақ, соған қарамастан бүгінде әлемдегі алпауыт клубтардың көзқұртына айналып үлгерді. Стокгольмдегі «АИК» футбол клубының академиясында 6 жасынан бастап тәлім алған «қара маржан» негізгі құрамдағы алғашқы ойынын 2016 жылдың ақпан айында өткізіп, арада екі ай өтер-өтпестен алғашқы голын соқты. Одан кейін жас талантты тоқтату мүмкін болмады. Швеция чемпионатындағы еңгезердей қорғаушылардың өзі оған тосқауыл қоя алмай, 24 матчта 10 голдың авторы атанды. Англияның «Лестер», Испанияның «Реал», Германияның «Боруссия Д» сынды командаларының көздері түсіп, Исак соңғысының құрамына бір апта бұрын ауысты. Неміс клубы бұл трансфер үшін 9 млн. евро төлепті.
Джастин КЛЮЙВЕРТ (Аякс, Голландия) – 05.05.1999. Жартылай қорғаушы
Жақында ғана үлкен футболдағы алғашқы ойынын өткізген тағы бір футболшы – Джастин Клюйверт. Әкесінен асып туған деуге әлі ерте шығар. Бірақ, әкесі сияқты әлемнің ең үздік клубтарында ойнауға барлық мүмкіндіктері бар. «Аякс» академиясында футболдың бар қыр-сырын меңгерген Джастинге 15 жасында-ақ әлем клубтарының көзі түсе бастады. 2014 жылы Nike брендімен келісімшартқа отырып, құрдастарының түсіне де кірмеген жетістіктерге жетті.
Міне, біз Сейдахметтің тек кейбір құрдастарын ғана мысалға алып отырмыз. Ең бастысы, Еркебұлан елдегі құрдастарымен емес, әлемдегі қатарластарымен санассын деген ниет. Соларға қарап өссін, соларды өзіне бәсекелес көрсін. Егер тынбай еңбектенсе, Еркебұлан осы жетеуді де басып оза алады.