Вернуться к списку статей

Жерар Гоу VS Джуниор Кабананга – Қай сұрмерген қарқынды?

Футбол
1K
Жерар Гоу VS Джуниор Кабананга – Қай сұрмерген қарқынды?
Қазақстан футболындағы шабуылшыларға келгенде жанкүйерлердің екі әскерге жарылатыны анық. Бірі «Қайрат» сапындағы Жерар Гоуды қарымдырақ десе, екіншілері «Астанадағы» Джуниор Кабананганың мықты екендігін айтады.

Жанкүйерлер арасында ғана емес, Гоу мен Кабананга арасындағы да өзара бәсекелестік өршіп тұрған секілді. Бір-бірін мойындағысы келмейтінін байқайсың. Мәселен, Премьер-лиганың 32-ші туры аясында өткен «Астана-Аренадағы» «Қайрат» – «Астана» кездесуі кезінде екі қара жігіттің алаң ортасында тұрып алып, өздеріне түсінікті тілде салғыласып жатқанын да көрдік. Сырттан қарағанда адамға екеуінің сол әрекеті «мен мықты, жоқ мен мықты» деп жатқанға ұқсағаны жасырын емес. Ендеше қайсысының мықтырақ екендігін соққан голдарына қарап анықтап көрелік.


Жалпы, шабуылшылардың басты міндеті гол соғу болғандықтан, басқа артықшылықтарының барлығын сызып тастап, тек сұрмергендіктеріне ғана тоқталуды жөн көрдік.

Премьер-лига – 2017

Жерар Гоу биыл Қазақстан Премьер-лигасында мүмкін болған 33 матчтың 32-іне қатысқан. 24 голдың авторы атанып, оның біреуін пенальтиден соққан. Бір хет-трик, екі дубльдің авторы. Сегіз голы командасының есепте алға шығуға мүмкіндік берсе, үш матчта «Қайраттың» жеңіс голын соққан.

Джуниор Кабананга биыл Қазақстан Премьер-лигасында мүмкін болған 33 ойынның 31-інде алаңға шығып, 19 голдың авторы атанған. Бір голды пенальтиден соққан. Бір рет хет-трик жасап, екі мәрте дубль авторы атанған. 3 голы есепті теңестіруге мүмкіндік берсе, екі голы командасын алға шығарған. Үш кездесуде конголық шешуші голдың авторы атанып, «Астанаға» жеңіс сыйлаған.

Айтпақшы, биылғы маусымда «Астана» мен «Қайрат» өзара төрт рет кездескен. Үшеуінде алматылықтар жеңіске жетсе, бір матч тең аяқталыпты. Осы ойындарда Гоу бір гол соқса, Кабананга «Қайрат» қақпасына доп енгізе алмаған.


Қазақстан кубогы – 2017

Қазақстан кубогында «Астана» бірінші кездесуінде-ақ жеңіліп, 1/8-финалдан қайтты. Талдықорғанда «Жетісудан» 1:2 есебімен ұтылып қалған болатын. Елордалықтардың бас бапкері Станимир Стойлов бұл ойынға конголықты шығарған жоқ.

«Қайрат» биыл Қазақстан кубогын жеңіп алды. Алматылықтар алдымен «Таразды» ұтып, ширек финалда «Ертісті» тізерлетті. Жартылай финалда «Ордабасымен» түзде голсыз тарқасып, өз алаңында 3:1 есебімен ұтты. Ал финалда «Атырауды» 1:0 есебімен жеңді.

Жерар Гоу «Таразға» қарсы матчта алаңға шыққан жоқ. Павлодарлықтарға қарсы 74 минут ойнап, ойында есеп ашты. Одан кейін «Ордабасы» қақпасына да бір гол соқты. Ал финалда 70-ші минутта «Атырау» қақпасын тура көздеп, командасына жеңіс сыйлады.


Еурокубок – 2017

Еліміздегі «мен» деген футболшылардың көбісінің бетпердесі халықаралық ареналарда ашылып қалып жатыр ғой. Сондықтан, «Гоу мен Кабананганың қайсысы мықты?» деген сұраққа жауап іздеп, еурокубоктағы ойындарын да қараған едік.

Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңдері мен Еуропа лигасының топтық турниріндегі кездесулерді қосқанда «Астана» осы күнге дейін 10 кездесу өткізген болса, Станимир Стойлов соның тоғызында Джуниор Кабанангаға үміт артыпты. Конголықтың соққан голдарының саны – 3.

Ал «Қайрат» Еуропа лигасының екінші іріктеу кезеңінен де аса алмады. Барлығы төрт-ақ ойын өткізді. Алайда, сол төрт ойында Жерар Гоу төрт гол соғып үлгеріпті.


Біз тек сандарды ғана көрсеттік. Ал қайсысы үздік екенін анықтау сіздің құзырыңызда.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика