Вернуться к списку статей

«Қайрат» Чехия клубын жеңіп, Жуков гол соқты

Футбол
1K
Голдарды Бауыржан Исламхан мен Георгий Жуков соқты. Фото: fckairat.com
Алматының «Қайраты» Түркияда Чехияның «Фастав Злин» деген клубымен жолдастық кездесу өткізіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.

«Қайрат» футбол клубының ресми сайты бұл жеңістің оңайшылықпен келмегендігін толығырақ баяндап шығыпты. Чехия клубы тайталасып, Алматының азулы ұжымына дес бермеген. Бірінші таймда есеп ашылмай, екі команда тең түскен.

Екінші таймның басында Чехия клубының бір ойыншысы, атап айтқанда, Ибрагим Траоре қызыл қағаз алып, алаңнан қуылған. Алайда «Қайраттың» бас бапкері Кахабер Цхададзе оның орнына басқа ойыншы шығаруды өтініпті...

Сөйтіп, екі команда матч соңына дейін толық құрамда ойнаған. Бірақ «Қайрат» қарсыласын тықсырып, қыспаққа алған. Чехия клубының қорғанысын піспектеп жүріп, екі гол соққан. Екі голды да алыстан соғыпты.

Сірә, «Фастав Злин» қорғанысын тесіп өту мүмкін болмағандай. Әуелі Бауыржан Исламхан теңбіл допты доғаша иіп, қақпа ішіне тоғытқан. Көп ұзамай, Георгий Жуков капитанының соққысын қайталап, есепті еселей түскен.

«Қайрат» – «Фастав Злин» – 2:0

Голдар: Исламхан, 76. Жуков, 81.

«Қайрат»: Плотников, Ахметов, Арсо (Рудосельский, 64), Маркович, Сүйімбаев (Вороговский, 83), Қуат (Әбікен, 88), Бакаев, Исаэль (Жуков, 46), Исламхан (Гладченко, 87), Аршавин (Райымбек, 73), Гоу (Тұрысбек, 46).

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика