Вернуться к списку статей

Жаңа маусымды тағатсыздана күтудеміз

Футбол
2K
Биылғы маусымдағы дода көрігі бұдан да тартысты болады. Фото: fca.kz
Қазақстан премьер-лигасының 2017 жылғы маусымының басталу уақыты тақаған сайын, тықыршып байыз таба алар емеспіз. Өйткені биылғы маусым аса қызықты болатын сияқты...

Жаңа маусым жақындаған сайын, көңілде бір қуаныш сезімі күшейіп, тағатымыз таусылып, шыдамсыздана бастадық. Оның да өзіндік себептері бар. Бірлі-жарымын тізіп шығайн, қалғанын өздеріңіз қоса жатарсыздар...

Көптеген жанкүйерлер үшін ең қызығы – "Астана" командасымен Чемпиондар лигасына қатысып, "Атлетико" (Мадрид), "Галатасарай", "Бенфика" сынды азулы клубтарға қарсы доп тепкен Жуковтың енді елорда командасына қарсы қалай ойнайтындығы.

"Ат айналып қазығын табар" деген керемет сөз тура осы Жуковке арналып айтылғандай. Серікжан Мұжықовтың тасасында қалып қойған жігіт жаңа командадасында өнерін өрге өрлете алар ма екен?! Ұлттық құрамаға енді шақырыла ма? Көрейік, сенейік, сəттілік тілейік...

Өткен жылғы Бірінші лигада топ жарған Қызылорданың "Қайсары" да құрамын жасақтауымен елітіп барады. Нағыз бəсекені сағынған «аш қасқырлар» құрамын жасақтап жанталасуда. Жаңа деңгей, жаңа бапкер, жаңа ойын, жаңа ойыншылар... Ендеше, жаңа тактикалар мен өзгеше ойын үлгісін күтеміз.

Өткен маусымда "Атырау" сапында өнер көрсеткен бірнеше футболшы биыл "Қайсардың" намысын қорғайды. Сондай-ақ бапкердің де жаңадан келгенін айта кеткен жөн. Болгар маманы, кезіндегі белді футболшы болған – Стойчо Младенов.

Димитар Димитров пен Станимир Стойловтың арқасында бізде болгар мамандарына деген көзқарас – өте жақсы. Жалпы, «қасқырлар» осы маусымда қызу бəсекеге қабілетті сияқты. Бапкер демекші, жоқтан бар жасаудың шебері, мінезді бапкерлердің бірі Димитар Димитров қалайша бөле-жара атап өтпеске?!

Осы маманның біліктілігінің арқасында "Ертіс" былтыр қола медаль еншілеп, Еуропа лигасында өнер көрсету құқығына ие болды. «Күллі Еуропа көз тіккен футбол додасында қалай өнер көрсер екен» деген ой да дегбірді алып барады.

Ең маңыздысы һәм қуантарлығы, Димитров қазақ жастарына көп сенім артып, олардың да ойнауларына мүмкіндік береді. Арман Смайылов, Даниал Кузнецов сияқты жас аяқдопшылардың да әлеуеттерін байқап, мəз боп жүрміз. Жаңа маусымда өзге де жастардың бағын ашып, керемет ойын көрсетер деген сенімдеміз.

Биылға маусымда Қазақстан премьер-лигасы "Тараз" командасынсыз өтеді. Ал оларды еліміздің ең жоғарғы тобынан төмен құлатқан – Шығыс Қазақстан облысының "Алтайы". Жақында ғана бұл команда бас бапкерін өзгертті. Ол – тағы бір болгар маманы Илиан Илиев.

Сондай-ақ, шығысқазақстандықтар сапына Қостанайдың "Тобыл" командасының аңыз ойыншысына айналған Нұрбол Жұмасқалиев келіп қосылды. Негізі команда басшылығының қойып отырған мақсаты алғашқы алтылыққа ену екен. Ел чемпионатындағы жүлделі орындарға таласқан тартысты додасы қызған кезде, "Алтай" да қарап қалмас. 

Қысқасы, алдағы маусым өзге маусымнан тым өзгеше болатын сияқты. Бас бәйгеге жылдағыдай тек қана "Астана" мен "Қайрат" таласпайтын шығар. Өзге командалар да құрамдарын күшейтіп жатыр. Қызықтың бәрі – алда...

Автор: Амангелді Мейрамов
Яндекс.Метрика