Вернуться к списку статей

“Астана” футбол клубы – Каньясты жазға дейін жалға бердік

Футбол
1K
"Астана" футбол клубы Рохер Каньястың трансфері туралы ресми мәлімдеме жасады. Әрі бас бапкері осы ауыс-түйіске байланысты өз шешімдерімен бөлісті.

«Қазақтың "Астана" және Кипрдің АПОЭЛ клубтары арасында орталық жартылай қорғаушы Рохер Каньясты жалға беру туралы келісімге қол қойылды. Жалға беру мерзімі – 2017 жылдың 31 мамырына дейін», – деп жазады елорда клубының ресми сайты.

«Каньяс елорда ұжымы сапында 2014 жылдан бастап өнер көрсетеді. Осы уақыт аралығында үш дүркін Қазақстан чемпионы атанып, Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының топтық кезеңінде өнер көрсетті. "Астана" сапында өткізген 127 кездесуде 17 гол соқты», – депті одан әрі елордалық клубтың ресми сайты.

Бұдан кейін клубтың бас бапкері Станимир Стойловтан сұхбат алып, Дубайда өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынын атүсті сараптап өтіп, Каньяс трансферіне толығырақ тоқталып өткен:

Бірінші кезекте Каньястың командаға сіңірген ерен еңбегін атап өткен жөн. Біз оның үлесін айрықша бағалаймыз. Өздеріңіз білесіздер, жақында Иван Маевскиймен келісімшартқа отырдық. Осыған байланысты, бапкерлер құрамы командаға тезірек бейімделіп кетуі үшін маусымның алғашқы бөлігінде осы ойыншыға көбірек сенім артуды ұйғардық. Ал АПОЭЛ болса,  Рохерге көптен бері қызығып, сөз салып жүрді. Кипрлік клубтың Еуропа лигасында одан әрі бақ сынайтындығын және өз елдерінде чемпиондық аттаққа таласып жатқандығын ескеріп, біз Каньясты 5 айға жалға беру, клубқа да, ойыншыға да пайдалы болады деп шештік. Рохер жазда клубқа қайтып келеді. Одан әрі, дәл сол кездегі жағдайларға байланысты тиімді шешім қабылданатын болады, – депті білікті бапкер.

Ал Каньястың өзі Еуропаға барғанына мәз сияқты. Instagram-дағы жеке парақшасына «Жаңа мүмкіндігіме ризамын! Жаратқанға мың алғыс» деп жазып, қуанышымен бөлісіпті.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика