Вернуться к списку статей

«Астана» және «Оқжетпес» – деңгей мен әлек

Футбол
1K
«Астана» – «Оқжетпес» – 4:0. Фото: fca.kz
Бүгін «Астана» ХХІV турдағы кейінге шегерілген ойынын өткізіп, өз алаңында «Оқжетпесті» ойсырата жеңді.

«Астана» мен «Оқжетпестің» бүгінгі ойыны Абай Құнанбаевтың Крыловтан аударған «Шегіртке мен құмырсқа» деген мысалын есімізге түсірді. «Жапырақ кетті, жаз кетті, Күз болған соң, кетті күй» дегендей, «Қызықпен жүріп жазды алған» «Оқжетпестің» қазіргі жағдай – мүшкіл.

«Оқжетпес» бүгін «Астанадан» ұпай алуды ойлап (тіпті армандап), бірнеше күн дайындалды. Бірнеше ойыншысы қатардын шығып қалса да, селдіреп қалған құрамын сапырылыстырды. Қақпашысын ауыстырды. Қысқасы, кемі бір ұпай еншілеуге тырысты.

Бірақ «Астана» аямады. Өзіне де ұпай керек. Сүрінгенін аңдып, «Қайрат» ізінен қалар емес. Сондықтан көсіле шапты. «Оқжетпесті» ойсырата жеңді. Абайдың сөздерімен айтқанда, «Жаз өтерін білмеп пе ең? Жаның үшін еш шаруа, Ала жаздай қылмап па ең?» дегендей болды...

«Астана» алаңға негізгі құрамдағы барлық ойыншыларын шығарды. Әр таймда екі голдан соқты. Жарақатынан айығып, қатарға қосылған ойыншыларын алмастырып ойнатты. Осылай спорттық баптарына келтірмек. Станимир Стойлов алдағы маңызды ойындарын да ойынан шығармайды.

Екінші таймда, ірі есеппен ұтып жатса да, жастарын алаңға шығармады. Бұл жағынан бұл да тәрбие шығар. Себебі өткен турда олардың біразына мүмкіндік берген. Бірақ ешқайсысы да сенім үдеснен шыға алмағандай. Енді жаттығу жұмыстарында тер төгулеріне тура келеді.

Сонымен деңгейі әлдеқайда жоғар «Астана» «Оқжетпесті» қиналмай жеңді. Көкше клубы іштегі арман-қиялын жүзеге асыра алмады. Премьер-лигадағы орнынан айырылып қалу қауіпі арта түсті. Екі-ақ мүмкіндігі қалды. Енді қалған ойындарында жеңіске жетудің өзі – аз. Ол үшін «Ақжайық» ек мәрте, ал «Тараз» бір ойында ұтылуы керек. Әй қайдам...

Ал «Астана» сенбі күні «Қайратты» жеңіп немесе тең түсіп, төртінші рет ел чемпионы болуды көксейді. Яғни 28 қазан күнгі көшбасшылар арасындағы ойын өте қызықты болғалы тұр. Екеуінің арасы төрт ұпайға дейін қысқарған. Шешуші ойын – алда.

«Астана» – «Оқжетпес» – 4:0 (2:0)

Голдар: Маевский, 10. Кабананга, 20. Твумаси, 61. Абдулин, 80-автогол.

Ескерту: Шитов, 64.

«Астана»: Эрич (к), Шомко, Логвиненко, Аничич (Постников, 63), Шитов, Маевский, Граховац (Деспотович, 84), Мұжыков, Муртазаев (Томасов, 67), Твумаси, Кабананга.

Қосалқы құрам: Мокин, Прокопенко, Бейсебеков, Тағыберген, Малый, Құсяпов.

«Окжетпес»: Голубничий, Куксин, Абдулин, Гошкодеря, Адырбеков, Волков, Досмағамбетов, Хорват (Недашковский, 67), Юрин (Шафф, 46), Козлов (Цой, 46), Бөлешев (к).

Қосалқы құрам: Әбжанов, Матвеев, Дайыров, Марочкин, Кейлер, Әбілғазы.

Төрешілер: Сариев (Орал), Жаппасбаев (Қызылорда), Попов (Павлодар).

25 қазан, 2017. Астана, «Астана Арена». 500 көрермен.


* Ескерту – «Атыраудан» 3 (үш), ал «Тараздан» 6 (алты) ұпай шегерілген

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика