Вернуться к списку статей

"Каспий" ФК директоры Асқар Әбілдаев – Ақтауда футбол өлмейді

Футбол
1K
Ақтаудан әртүрлі алып-қашпа әңгімелер жетіп жатыр. «Келесі жылы «Каспий» футбол клубы жабылуы мүмкін» дегенді естіп алған жергілікті жанкүйерлер жанайқайларын кімге жеткізерін білмей, уайыммен бастары қатып жүр. Осы орайда, «Каспий» футбол клубының бас директоры Асқар Әбілдаевпен әңгімелесіп, біраз сұраққа жауап алған едік.

– Асқар Зубайділдаұлы, Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, «Каспий» футбол клубы ел біріншілігінің соңғы матчынан бас тартыпты. Осының себебін айтып берсеңіз.

– Соңғы турды Алматыда «Қайрат А» командасымен өткізуіміз керек болатын. Алайда, бас тартуымыз керек болды. Өйткені, біз қазір жаңа басқару жүйесіне көшіп жатырмыз. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктен Мемлекеттік комуналдық мекеме болып өзгерудеміз. Заң жүзінде біз бұл жөнінде бір ай бұрын хабардар етуіміз керек болатын. Қаулы шықты. Яғни, ертеңнен бастап, ЖШС өз ғұмырын тоқтатады. Жаңа басқару жүйесі бойынша жұмыс жасаймыз. Бұл туралы барлық тарапқа хабар жібердік. Тек маусымның аяқталуына бір тур қалғанда осылай болғаны ыңғайсыз болып тұр. Ал «Каспий» футбол клубы ЖШС ретінде ғұмырын тоқтатқандықтан Алматыдағы ойынға баруымызға құқығымыз жоқ.

– Ал «Каспий» футбол клубының ЖШС-нен Мемлекеттік комуналдық мекеме болып өзгеруінің себебі неде?

– Биліктің қаулысы бойынша клубтың жекешеменшік қолға өтіп кетпеуі үшін жасалып жатқан жұмыс қой. Бәрі ретімен.

– Расымен солай ма? Әйтпесе, жанкүйерлер келесі маусымда «Каспий» футбол клубы жабылады деп уайымдап жүр.

– Жоқ, ондай әңгіме мүлдем болған емес. Клуб ғұмырын тоқтатпайды. Келесі жылы да Бірінші лигада өнер көрсетеді. Тек жаңа басқару жүйесіне көшкенше аздаған уақыт қажет. Бұл бізде ғана емес, барлық клубта болып жатқан жағдай. Әр жерде әртүрлі басқару жүйесіне көшіп жатыр. Бізде осылай.


– Сонда клубтың басқару жүйесі өзгергеннен кейін «Каспийдің» алдына қандай мақсаттар мен тапсырмалар жүктеледі?

– Облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы алдымызға келесі маусымда Бірінші лигада жоғары орындардан көрініп, Премьер-лига жолдамасын жеңіп алу туралы тапсырма қойған. Соны орындауымыз керек. Сондықтан, келесі маусымда құрамымызды күшейтуіміз қажет. Ақтауда талантты жастар көп. Солардың қасына тәжірибелі ойыншылардан қосып, тапсырманы орындауға тырысамыз. Отандық тәжірибелі, беделі зор бапкерді шақырсақ деп отырмыз. Болашаққа зор сеніммен қараймыз.

– Дегенмен, «Каспий» өз алаңындағы ойындарын Ақтауда емес, Шымкентте өткізіп жүргендіктен команданы өгейсіп жүрген жанкүйерлеріңіз де аз емес екен.

– Маусымның басында Қазақстан футбол федерациясының Сертификаттау департаменті біздің «Жас қанат» стадионының алаңы талапқа сай келмейді деп, мұнда Бірінші лиганың ойындарын өткізуге тиым салып кеткен. Қазіргі таңда сең қозғалды. Облыс әкімінің тапсырма беруінің арқасында инвестор мен мердігер табылып, құрылыс қолға алынды. Енді келесі маусымнан бастап, «Каспий» қайта Ақтауға оралады деп үміттенеміз. Өз тарапымыздан бұл жұмысты жеделдету үшін бар күшімізді саламыз.

– Дегенмен, «Жас қанат» стадионы Премьер-лига талабына сай келмейтін көрінеді...

– Оны сізге кім айтты? Стадион барлық стандарттар бойынша талапқа сай келеді. Тек ҚФФ Сертификаттау департаментінің ескертпелері бойынша жұмыс жасап, кемшіліктерді жоюымыз керек. Әйтпесе, алаңның ұзындығы мен ені де дұрыс. Тек киім ауыстыру бөлмелерін, төрешілерге арналған бөлмелерді, жуыну бөлмелерін ретке келтіру қажет. Келесі маусымда мұның барлығы жасалады.


– Асқар Зубайділдаұлы, сіздің директор болуыңыздан ақтаулық футболсүйер қауым көп үміт күтті. Алайда, содан бері үш ай өтті. Осы аралықта Ақтау футболында не өзгерте алдым деп ойлайсыз? Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Менің жұмысыма бағаны беретін жанкүйерлер мен мамандар ғой. Бәрін түбегейлі өзгертіп, кемшілік қалдырмадым деп айта алмаймын. Бірінші кезекте балалар футболымен айналысып жатырмыз. Әлбетте, инфрақұрылымның әлсіздігі аздап кедергі болып тұр. Керемет стадион болмаса да, тағы бір жасанды төсеніші бар алаң салып беретін демеуші іздеп жүрміз. Облыс әкімдігінің қолдауымен алдағы уақытта жаңадан тағы бір стадион салынайын деп жатқандығынан хабардармын. Қаржы жағынан қағажу болмаса жақын болашақта Ақтау футболында оң өзгерістер болуы тиіс. Әзірге қолда бармен жұмыс жасап жатырмыз. Облыс әкімдігімен, жергілікті басқару өкілдерімен, облыстық федерациямен тығыз қарым-қатынас орнаттық. Футбол орталығының жұмысына оң баға бері жатқандар көп. Ақтаудың орналасқан жері жақсы ғой. Каспийді кешіп өтсең, ар жағында Әзірбайжан, Иран, Ресей және Грузия жатыр. Алдағы уақытта балаларымызды сол жақтардағы турнирлерге қатыстырып, тәжірибелерін арттыру, шеберліктерін шыңдау ойда бар. Республикалық турнирлерден бір бөлек, халықаралық ареналарға да шығуды көздейміз.

– Қазақстандық жанкүйерлердің арасында «Маңғыстауға футбол керек емес» деген стереотип қалыптасқан. Расымен де солай ма екен?

– Әлбетте, өзге өңірлермен салыстырғанда футболдан кемшін түсіп жатқан тұстарымыз көп. Бірақ, мұның барлығы реттелетін нәрселер. Ақтауда футбол өлмейді. «Каспий» әлі өз мықтылығын дәлелдейді.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика