Жасөспірімдер арасындағы 2018 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирінде 6-топқа түскен бозбалаларымыз бүгін де ұтылды. Іріктеу додасының бірінші сатысындағы соңғы ойынын Беларусь бозбалаларымен өткізіп, 1:3 есебімен жеңілістің кермек дәмін татты.
Бұған дейін жазғанымыздай, 6-іріктеу тобының ойындары Беларусь елінде өтті. Осы топтағы Франция және Словения таланттары біздің бозбалалар мен алаң иелерінен басым түскен болатын. Яғни бүгінгі қарсыласымыз Қазақстан-U17 құрамасы секілді екі рет жеңілістің кермек дәмін татқан қоманда еді.
Алайда, Қазақстан бозбалалары өздерімен деңгейлес құрамадан да ұтылып қалды. Бірінші таймда дес бермей, тең түскен. Өкінішке қарай екінші таймда екі гол жіберіп алды. Соңғысы, ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша минутта соғылды.
Беларусь-U17 құрамасы екінші таймда үш ойыншысын ауыстырып, тың күш қосты. Ал біздің құрама бір-ақ ойыншысын алмастырды. Әйтсе де, біздің бозбалалрымыз алаң иелерінің қақпасын 15 рет нысанаға алды. Бірақ соның төртеуі ғана қақпаға тура бағытталды.
Франция-U17 – Словения-U17 – 2:1
Қазақстан-U17 – Беларусь-U17 – 1:3
Голдар: Капралев, 10 (0:1). Басманов, 17 (1:1). Капралев, 57 (1:2). Капралев, 80+1 (1:3).
Қазақстан-U17: Ситдиков, Нұрсейіт, Басманов, Меделхан, Шаміл, Жақсылықов, Әжімов, Иманғазиев, Савченко, Мұхамед, Закария (Джарлаев, 41).
Қосалқы құрам: Кляхин, Мұхамедәлі, Дүйсембаев, Жылқыайдар, Неумывакин, Хаитмұратов, Бабаназаров.
Беларусь-U17: Лецко, Лузан, Иванютенко, Давыскиба, Соловьев (Кабышев, 41), Прищепа, Капралев, Белашевич, Трофимчук (Милошевский, 65), Згурский (Дубров, 41), Евтухович.