Вернуться к списку статей

Қазақстан ұлттық құрамасы Аргентинамен кездесетін мүмкіндіктен айрылып қалды

Футбол
1K
Қазақстан ұлттық құрамасы Аргентинамен кездесетін мүмкіндіктен айрылып қалды
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы қараша айында Лионель Месси бастаған Аргентина футболшыларымен жолдастық кездесу өткізу мүмкін. Бұл туралы ақпарат отандық спорт порталдарының бірінде жарық көрді.

Қазақстан футбол федерациясының спорт директоры Игорь Утробиннің айтуынша, қараша айының 14-і күні ұлттық құрамамыз Аргентинамен жолдастық кездесу өткізу жайында келіссөздер жүріп жатыр екен.

– Біз қазір Аргентина тарапымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Әлбетте, бұл өте қиын және еңбекті көп қажет ететін процесс. Оның үстіне, 14 қарашаға дейін аз қалды. Қазір қаржы мәселесін шешу қажет. Барлық шығынның 40 пайызын Қазақстан футбол федерациясы мойнына алуға дайын. Дегенмен, қалған 60 пайызын жабу үшін демеушілермен сөйлесіп жатырмыз. Негізі, Лионель Месси, Серхио Агуэро, Анхель Ди Мария, Хавьер Маскерано сынды әлемдік жұлдыздары бар Аргентинамен жолдастық кездесу өткізу Қазақстан футболының тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі болар еді. Олар Қазақстанға негізгі құраммен келуге дайын, - депті Игорь Утробин.

Дегенмен, Қазақстан футбол федерациясы «ай қарап, жұлдыз санап жүргенде» Аргентина құрамасы 14 қарашаға қарсылас тауып қойды. Осыдан екі күн бұрын Аргентина футбол федерациясы Ресейдің Краснодар қаласында Нигериямен кездесетіні туралы мәлімдеді. Ал 11 қарашада «Месси және Ко» Мәскеуде Ресеймен кездеседі. Сондықтан, біздің Федерацияға сөзге емес, іске жүгіну керек. «Аз сөйлеп, көп істе» деп бекер айтпаған ғой.

Жалпы, 2017 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы бір ғана жолдастық кездесу өткізген. Жерорта теңізіндегі аралда өткен Кипрге қарсы ойында 1:3 есебімен жеңіліппіз. Ал биылдыққа барлығы жеті ойын өткізіп, алтауында жеңілгенбіз. Еншімізде бір тең матч бар.  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика