Вернуться к списку статей

«Астана» Шымкентте «Ордабасы» клубынан тағы ұтылды

Футбол
1K
«Ордабасы» – «Астана» – 2:1. Фото: fca.kz
«Астана» Шымкентке қосалқы құрамдағы және жарақаттарынанан енді айыққан футболшыларын апарып, ұтылып қалды.

Еуропа лигасының 1/16-финалына шыққысы келетін «Астанаға» 11 қазаннан бері үш-төрт күн сайын бір ойыннан өткізуге тура келіп тұр. Сондықтан Станимир Стойлов Шымкентке қосалқы құрамы мен жарақатынан енді айығып, жаттығу жұмыстарына жақында ғана бастаған футболшыларын алып барды.

Мұның сыры белгілі. Біріншіден, негізгі құрамдағы 90 минут бойы тыным таппай, зыр қағатын футболшыларын тынықтырып алуы керек. Екіншіден, Шымкент стадионының жасыл желегі тықыр, сапасы нашарлау екенін болгар маманы жақсы біледі. Ойыншыларын жарақатап алмауды ойлайды.

Ал «Ордабасы» былтыр «Қайратты» екі рет ұтса, биыл «Астанаға» “шүйліккен”. Бірінші турдағы өз алаңында өткен матчта 3:0 есебімен басым түскен. Ал 22-турда елорда төрінде 0:1 есебімен ғана ұтылған. Оңтүстік Қазақстан клубы бүгін де бар-күш жігерін салды.

«Ордабасы» футболшыларының бүгінгі құлшыныстарына қарап, «Еурокубок додаларында неге осылай ойнамайды екен» деп таң қаласың. Әлде «Астананың» “қосалқы құрамынан ұтылып қалыпты” деген сөзге қалғылары келмеді ме, әйтеуір аянған жоқ. Матч соңына дейін тізгін тартпай, табан тіресе додаға түсті.

Бүгінгі ойында «Ордабасы» екі гол соқты. Екеуінде де «Астананың» қақпашысы Александр Мокин әуелеп ұшқан допқа қарсы жүгіріп шығып, жаза басты. Қорғаушылары да қателесті. Жалпы, бұл ойында «Ордабасының» бұдан да көп гол соғатын мүмкіндігі болған.

Ал «Астана» сапынан жалғыз голды жарақатынан енді айыққан, ойынға екінші таймда қосылған Джордже Деспотович соқты. Алаң иелерінің жас қорғаушысы жаза басқан сәтте қақпашымен бетпе-бет шығып, өз мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Негізі, қонақтардың да гол соғатын мүмкіндіктері аз болған жоқ-тын...

Сонымен, «Астана» Шымкентте екінші рет сүрінді. Яғни «Қайратпен» арадағы ұпай айырмасы қысқара түсті. Бірақ елорда клубы қалған үш ойынын да өз алаңында өткізеді, ел ішінде енді ешқайда шықпайды. Әрі екі рет жеңіске жетсе болғаны, биыл да чемпион болады.

«Ордабасы» – «Астана» – 2:1 (1:0)

Голдар: Тұңғышбаев, 35 (1:0). Деспотович, 60 (1:1). Диакате, 62 (2:1).

Ескертулер: Шайыхов, 22. Тағыберген, 61. Тұңғышбаев, 78. Нұрғалиев, 88.

«Ордабасы»: Бекбаев, Төлебек, Смақов, Тұрсынбай, Бочаров, Диакате, Ковальчук, Каньяс, Нұрғалиев (к) (Гейнрих, 88), Тұңғышбаев (Бейсенов, 89), Йорданов (Вуяклийа, 59).

Қосалқы құрам: Нурмухаметов, Әшірбеков, Жақсыбаев, Мұхтаров, Қожабаев, Ли.

«Астана»: Мокин, Шайыхов (Пронь, 75), Постников, Малый, Аничич (Құсяпов, 84), Бейсебеков (к), Тағыберген, Граховац, Томасов, Муртазаев, Прокопенко (Деспотович, 46).

Қосалқы құрам: Эрич, Жақыпбаев.

Төрешілер: Абдуллаев (Қаратау), Филоненко, Полуэктов (екеуі де – Тараз).

22 қазан, 2017. Шымкент, Қажымұқан атындағы стадион. 6500 көрермен.


* Ескерту: «Атыраудан» 3 (үш), ал «Тараздан» 6 (алты) ұпай шегерілген

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика