Қазір кейбір елдердің ұлттық құрамалары 2018 жылғы әлем чемпионатның іріктеу ойындарына дайындалып, оқу-жаттығу жиыны өткізіп жатыр. Бұл ретте Грузия және Сербия құрамаларын бөле-жара атап өткіміз келеді. Себебі осы екі құрама сапында «Атырау» футбол клубының үр жаңа ойыншылары өнер көрсетті.
Грузия құрамасының осыдан бірер күн бұрын Өзбекстан құрамасымен кездесіп, 2:2 есебімен тең түскендігін жазғанбыз. Бұдан кейін Қазақстан жанкүйерлеріне жақсы таныс Владимир Вайсстің шәкірттері Иордания футболшыларымен тағы бір жолдастық кездесу өткізіп, 0:1 есебімен ұтылып қалды.
Дубайда өткен матчта биыл «Атырау» футбол клубының намысын қорғайтын Уча Лобжанидзе мен Владимир Двалишвили алаңға шықты. Лобжанидзе бұл кездесуде де капитан болды, бірақ матчтың 63-минутында орнын Григалашвилиге босатты. Ал Двалишвили керісінше, осы жолы бастан-аяқ ойнап шығып, 83-минутта ескерту алды.
Сондай-ақ бүгін түнде Йован Джокич Сербия құрамасы сапында жасыл алаңға шықты. Сан-Диегода АҚШ құрамасымен өткен жолдастық кездесуде «Атыраудың» жаңа ойыншысы негізгі құрамда ойнап, матчың 77-минутында орнын Йевтовичке босатты. Жалпы, Словолюб Муслин бұл ойында алты футболшысын алмастырды.
Айтпақшы, бұл Джокич Сербия құрамасы сапындағы алғашқы ойыны да сияқты. 24 жастағы жартылай қорғаушының әлеуеті зор, әлі өз елінің ұлттық құрамасы сапына шақыртылуы тиіс. Ал АҚШ – Сербия жолдастық кездесуі 0:0 есебімен тең аяқталды. Бір қызығы, бұл ойынға «Астана» клубының ойыншысы Неманья Максимович шақырылған жоқ...