Вернуться к списку статей

Жорди КРОЙФ – Мен әкеме ұқсамаймын

Футбол
1K
Жорди КРОЙФ – Мен әкеме ұқсамаймын
«Маккабидің» бас бапкері – Жорди Кройф. Иә, аңыз Йохан Кройфтың ұлы. «Астанамен» болатын ойынның алдында қонақтардың бас бапкері алдағы матч туралы өз ойымен бөлісті.

– «Астанаға» қарсы ойында «Маккабидің» жеңіске дегени мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

– «Астананың» өз алаңында өте мықты екенін білеміз. Жеңілмегеніне көп болыпты. Оның үстіне, жасанды алаң «Маккаби» үшін өте таңсық. Дегенмен, біз Қазақстаннан қалайда үш ұпаймен қайтуға тырысамыз.

– Карьераңызда футболшы да болдыңыз, өзіңізді бапкер ретінде де, директор, спорт директоры ретінде де қабілетіңізді байқап көрдіңіз. Жалпы, қайсысы ұнады?

– Маған футбол ұнайды. Құдай мені доптан айырмасын деп тілеймін.

– «Астананың» бас бапкері Станимир Стойлов сіз туралы жақсы пікірлер айтты. Ал сіз ол жайлы не білесіз?

– Станимир Стойловпен таныспыз. Осыдан 6-7 жыл бұрын Кипрде танысқанбыз. Содан бері ол туралы жақсы пікірдемін. «Астананы» жаттықтырып жүргенінен хабардар болатынмын. Сіздердің командаларыңыз Еуропа лигасының топтық кезеңіне шыққанда қуандым. Ол үшін әрдайым тілектеспін. Бірақ ертеңгі ойында «Астананың» ұтылуын тілеймін.

– Сіз әйгілі Йохан Кройфтың ұлы ретінде оның футболдағы ұстанымын ұстанасыз ба? Сіздің де командаңыз «Барселона» секілді ойнай ма?

– Маған «Барселона» өте қатты ұнайды. Өзім де әйгілі Йхан Кройфтың ұлы екенімді мақтан тұтамын. Ол шынымен де аңыз адам. Футболшы ретінде де, бапкер ретінде футболға орасан еңбек сіңірді. Бірақ мен басқа адаммын. Көзқарасым басқа. Футболда өзімдік қолтаңбамды қалдырғым келеді.

– «Астана» сапында жарақат алған ойыншылар өте көп. Бұл жайында естуіңіз бар ма?

– Шынымды айтсам, қай ойыншыларының жарақат алғандарын білмейді екенмін. Бірақ бізде де жарақат алғандар өте көп. Соның кесірінен жеті ойыншымызды Тель-Авивте қалдырып кетуге мәжбүр болдық. Сондықтан, жағдайымыз тең.

– «Астана» Еуропа лигасының топтық кезеңіне шығуды көздейді. Ал сіздердің мақсаттарыңыз қандай?

– Меніңше, барлық команданың мақсаты бір ғой деймін. Біздің топтың басты фавориті – «Вильярреал». Ал қалған үш команда бір-бірінен ұпай алуға тырысады. Тағдырымыз соңғы турда шешілетін шығар. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика