Вернуться к списку статей

"Оқжетпестен" ұтылған "Тараздың" "тынысы тарылып" барады

Футбол
1K
Ел чемпионатының 30-шы турында түзде «Оқжетпестен» ұтылған «Тараз» турнир кестесіндегі жағдайын тым қиындатып алды. Енді олар осы маусымның қорытындысы бойынша көкшеліктермен бірге Премьер-лигамен қоштасудан басты үміткер.

30-шы турдың орталық ойыны «Астана-Аренада» өткенімен маңыздылығы жөнінен Көкшетаудағы «Оқжетпес» – «Тараз» кездесуі елордадағы кездесуден еш кем емес еді. Өйткені, әр ұпай үшін жанталасып жүрген «Оқжетпестің» жағдайын айтпағанда күтпеген жерден алты ұпайынан айрылған «Тараз» үшін де жеңіс ауадай қажет еді.

«Оқжетпес» (Көкшетау) – «Тараз» 2:1 (2:1)

Голдар: Федин, 1 (1:0). Мане, 25 (1:1). Абдулин, 27 (2:1).

«Оқжетпес»: Әбжанов, Козлов, Хорват, Гошкодеря, Федин, Юрин, Досмағамбетов, Адырбеков, Волков, Бөлешев (к), Абдулин.

Резерв: Голубничий, Гогуа, Матвеев, Недашковский, Куксин, Дайыров, Марочкин, Цой, Шафф,

«Тараз»: Бабаханов, Эргашев, Фещук, Шипицин, Морис, Миюшкович, Мане, Шадманов, Әмірханов (к), Қожамберді, Воротников.

Резерв: Логиновский, Диара, Зайнутдинов, Сейдахмет, Кургулин, Молтусинов, Байжанов, Хайруллин, Горячий.

Төрешілер: Денис Тевяшов (Орал), Виталий Дерцапф (Орал), Серік Қошқаров (Алматы).

Көкшетау қаласы, «Окжетпес» стадионы.


Жалпы, бұл ойынның алдында жанкүйерлер арасында әртүрлі алып-қашпа әңгімелер жүрді. Тіпті, «алаң иелеріне бәс тік. Бес коэфициент беріп жатыр екен, ұтасың», - деп бір-біріне телефон шалғандар да жетерлік. Бір жағынан «отқа майды» Кәсіпқой футбол лигасының өздері де құйып берді. Нақты айтқанда матчқа оралдық төрешілер Денис Тевяшов пен Виталий Дерцапфтардың бекітілуі көпшіліктің түсініспеушілікктерін туғызды. Өйткені, екі команданың да дәл қазіргі таңдағы басты бәсекелестері – «Ақжайық». Ал «Ақжайық» Оралдың командасы. Бірден айтайық, өз басым, екі төрешінің де бүгінгі жұмыстарына мін таға алмаймын. Алайда, артық әңгіме болмауы үшін дәл осы ойынға оралдық төрешілерді бекітпей-ақ қоюы қажет еді.

Сонымен, ойын туралы. «Оқжетпес» биылдыққа бірінші рет қонақтарды өздерінің басты стадионында қабылдады. Бұған дейін Астана мен Щучинск арасында сабылып жүретін еді, енді міне, Көкшетау қаласындағы стадион да Премьер-лиганың ойындарын қабылдауға рұқсат алды. Матч алдында кішігірім концерт қойылып, Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин ортаға шығып, жанкүйерлерге тілек айтты. Сондықтан, футболшылар да жанкүйерлерінің алдында жеңіс үшін барын салды. Мақсатына жетті де, есеп – 2:1. Кездесуден кейін де Мәлік Мырзалин де футболшыларының бөлмесіне кіріп, командасын құттықтап шықты. 

Бірінші голды алаң иелері стадионға көрермендер жиналмай жатып-ақ соқты. Тимур Досмағамбетовтың сол қапталмен ентелей еніп, айып алаңына қарай бағыттаған пасынан кейін «Тараздың» қорғанысында қарбалас болып, қонақтар абдырап қалды. Сол сәтті ұтымды пайдаланған Максим Федин доппен қоса өзі де қақпаға кіріп кетіп, матчтағы есепті ашты.

Рас, 25-минутта «Тараз» таразы басын теңестірген. Мәлік Манені шалып жыққаны үшін алаң иелерінің қақпасына пенальти белгіленіп, оны сенегалдық легионердің өзі орындады. Бірақ, қонақтардың қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Арада екі минут өтпей жатып, алаң иелерінің қақпасына айып соққысы белгіленіп, оны Тимур Досмағамбетов орындады. 23-ші нөмірлі қазақтың шиіре асырған пасын Ринат Абдулин желкесімен қақпаға бағыттап, есепті 2:1-ге жеткізді. Бұл Ринаттың осы маусымдағы алғашқы голы еді. Жеңіс әперген гол ретінде тіркеліп, «Оқжетпес» маңызды үш ұпайға қол жеткізді. Ал «Тараз» Премьер-лигада қалғысы келсе, енді алдағы ойындарының барлығын ұтуы тиіс. «Шахтер» мен «Қайсарды» өз алаңында қабылдаса, бір кездесуін түзде «Атырауға» қарсы өткізеді. Оңай емес.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика