Вернуться к списку статей

«Қайрат» – 2017 жылғы Қазақстан кубогының иегері

Футбол
1K
«Қайрат» – «Атырау» – 1:0. Фото: fckairat.com
Ақтөбеде Қазақстан кубогының финалдық матчы өтіп, «Қайрат» «Атырауды» жеңіп, сегізінші рет ел кубогын рет жеңіп алды.

Құрамында қас шебер футболшылары көп, деңгейі жоғары «Қайрат» төрешінің ысқырығы шалынғаннан бастап, атойлап алға шапты. «Атыраудың» оыншылары жанкештілік танытып, намысты қолдан бермеуге тырысып бақты. Жеңіске жетсе, келесі жылы Еуропа лигасында ойнайды. Ойларынан шықпайтыны – осы, құлшыныс – басым.

Алайда «Қайраттың» шабуылдары өте қауіпті болды. «Атырау» қарсы шабуыл ұйымдастырып отырғанымен, қарсыласын өз қақпасынан кейін қарай ығыстыра алар емес. Бір рет атыраулықтардың қақпашысы Жасур Нарзикулов жанын шүберекке түйіп алып, Жерар Гоудың аяғына атылды. Допты кейін қайтарды...

Бірінші тайм осылай аяқталды. «Атырау» «Қайраттың» шабуылдарына төтеп берді. Ойынның екінші жартысында алматылықтар қарқындарын үдетіп, құйындай орап соқты. Атыраулықтардың қорғаушылары мен қақпашысы жан ұшырып, тойтарумен болды.

Алайда, матчтың 70-минутында «Атыраудың» қорғаушылары қателесті. Асып-сасып, бірнешеуі орталарында дедек қаққан допты теуіп жібере алмады. Александр Соколенко жас та болса, екі-үш қорғаушымен таласып, оларды әбден састырды.

Сөйтіп, «Атырау» қорғаушыларына «көнбеген» доп оларды ту сырттарынан аңдып тұрған Жерар Гоудың оңай олжасына айналды. Басқасы басқа, бірақ допты қақпаға дәлдеп тебуді білетін «Қайраттың» шабуылшысы мұндай мүмкіндікті мүлт жіберсін бе? Бір орында шыр айнала теуіп, қақпа торын бүлк еткізді.

Бұдан кейін «Атырау» қамшыны басты. Енді қорғаныста «отыра» беруге болмайды. Алға ентелеп, таразы басын теңестіруге тырысты. Бірақ «Қайрат» осы есепті ұстап қалуды ойлап, бекінісін күшейте түсті. Атыраулықтардың гол соғатын мүмкіндіктері болған жоқ емес. Бірақ олар бірлі-жарым мүмкіндіктерін кәдеге асыра алмады.

«Қайрат» – «Атырау» – 1:0 (0:0)

Гол: Гоу, 70.

Алаңнан қуылды: Гоу (ауыстырылған соң).

«Қайрат»: Плотников, Сүйімбаев, Арзо, Бато, Ахметов (Соколенко, 65), Элек, Парагульгов (Балтабаев, 90+1), Исаэль, Аршавин, Исламхан (к), Гоу (Анене, 86).

Қосалқы құрам: Покатилов, Вороговский, Рудосельский, Қуантаев, Лунин.

«Атырау»: Нарзикулов, Лобжанидзе, Аблитаров, Джокич, Абдрахманов, Максимович, Чичулин (Тәжімбетов, 86), Сергиенко (Сүлей, 80), Двалишвили (Саломов, 80), Хайруллин (к), Сикимич.

Қосалқы құрам: Пасеченко, Обшивач, Қалмұратов, Эсатов, Қайыраллиев, Коробов.

Төрешілер: Кучин (Қарағанды), Әубәкіров (Астана), Будниченко (Екібастұз).

14 қазан, 2017. Ақтөбе, «Орталық». 10 400 көрермен.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика