Вернуться к списку статей

Косово құрлы болмағанымыз ба немесе ФФК қалай КФФ-қа айналды?

Футбол
1K
Косово құрлы болмағанымыз ба немесе ФФК қалай КФФ-қа айналды?
Ел футболындағы барлық мәселе шешіліп қойыпты да, ендігі қалғаны ұйымның атауы екен. Кеше Қазақстан футбол федерациясының Кезекті конференциясы өтіп, ұйымның орысша атауы өзгертілді.

Конференцияның өту барысы ғаламтордан тікелей эфир арқылы көрсетіледі деген ақпарат таратылғанда жанкүйерлермен бірге біз де қуанып, басшылықтың бұл бастамасына ішіміз жылып қалған. Алайда, ҚФФ президенті Сейілдә Байшақов пен бас хатшысы Қаныш Әубәкіровтің алғы сөздерінен кейін 15 минуттай бейнеролик көрсетілді де, трансляция үзілді де қалды. Сол кезде-ақ ҚФФ басшыларының халыққа тек Конференцияның тек жылтыр жағын ғана көрсетуді жөн көргенін түсіндік. Бірақ, көрсетуге тұрарлық басқа түк те жоқ екен. Мәжілісті толығымен бас хатшы Қаныш Әубәкіровтің өзі жүргізіп шығып, жиналысты жоспарлы түрде өткізіпті.

Ал ең маңызды мәселе – Қазақстан футбол федерациясының орысша атауын өзгерту болған. Енді орыс тілінде «Федерация футбола Казахстана» емес, Казахстанская федерация футбола» деп атауларыңыз керек. Қысқартып айтқанда бұрынғыдай ФФК емес, КФФ болады. Неліктен Ұйымның атауын өзгерту туралы шешім қабылдағаны жайлы бас хатшы Қаныш Әубәкіров былай депті:

– Біз Сейілдә Икрамұлымен бірге УЕФА-ның әртүрлі жиналыстарына қатысып жүрміз. Көптеген Федерациялардың өкілдерімен араласамыз. Сонда намысыма тиетіні, олар бізді Косовомен шатастырады. Өйткені, қысқартқанда екі Федерацияның да атауы FFK деп жазылады. Әрине, мұның барлығы ұсақ-түйек нәрселер. Дегенмен, шымбайымызға бататыны рас. Сондықтан, «Федерация футбола Казахстана» дегенді «Казахстанская федерация футбола» деп өзгерту туралы шешім қабылдадық. Енді бізді ешкім шатастырмайды, - деген көрінеді бас хатшы.

Енді мынаны қараңыз: Қазақстан футбол федерациясы УЕФА-ға 2002 жылы мүше болған. Есептедіңіз бе, 15 жыл болыпты, иә? Ал Косовоның тәуелсіздік алғанына 10 жыл да болған жоқ, УЕФА-ға мүшелікке енгені былтыр ғана. Бір жылдан енді ғана асқан. Сонда еуропалықтар бізді емес, Косово футболшыларын жақсы біледі деген сөз емес пе? Демек, осы 15 жылда Еуропа футболында таңба қалдыратындай ештеңе де жасаған жоқпыз ғой. Міне, намысымызға тиетіні осы нәрсе. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика