Вернуться к списку статей

"Қоштасудың қиыны-ай" немесе Премьер-лигадан биыл қай командалар ұшады?

Футбол
1K
«Тараздың» алты ұпайы алынып тасталғанымен Премьер-лигадан ұшуға үміткер командалардың қатары азайған жоқ. Дәл қазір төрт команданың тағдыры қыл үстінде. Тағы үшеуі демдерін іштеріне тартып, өздерін әлі еркін сезіне алмай жүр.

Ендеше маусым соңында кімдермен қоштасуымыз мүмкін?

«Оқжетпес» (Көкшетау)

30-тур, 15.10.2017 ж. «Оқжетпес» – «Тараз»

31-тур, 22.10.2017 ж. «Тобыл» (Қостанай) – «Оқжетпес»

24-тур, 25.10.2017 ж. «Астана» – «Оқжетпес»

32-тур, 28.10.2017 ж. «Оқжетпес» – «Ертіс» (Павлодар)

33-тур, 05.11.2017 ж. «Ордабасы» (Шымкент) – «Оқжетпес»

Бірінші лигадан ұшып кетуден басты үміткер – «Оқжетпес». 28 ойыннан кейін көкшетаулықтардың еншісінде небәрі 21 ұпай. Алты-ақ матчта жеңіске жетіп, 19-ында ұтылған олар бір жылға жетер-жетпес уақытта үш рет бас бапкерін алмастырып үлгерді, басшылығы да сонша рет ауысты. Рас, алда әлі бес ойыны бар. Максимум 15 ұпай жинауға болады. Бірақ, қарсыластары да оңай емес. Ашығын айтқанда, дәл қазір көкшетаулықтар ешкімге де тіс батыра аларлықтай шамада емес.

Біздің болжам: «Оқжетпес» қалған бес ойынның соңғысында ғана тең түсіп, маусымды 22 ұпаймен аяқтайды.

«Тараз»

30-тур, 15.10.2017 ж. «Оқжетпес» – «Тараз»

31-тур, 21.10.2017 ж. «Тараз» – «Шахтер»

32-тур, 28.10.2017 ж. «Атырау» – «Тараз»

33-тур, 05.11.2017 ж. «Тараз» – «Қайсар»


Ойда жоқта алты ұпайынан айрылған «Тараз» үшін дәл қазір әрбір ұпай ауадай маңызды. Бұған дейін жағдайлары тәп-тәуір еді. «Ақтөбені» ұтқаннан кейін екінші тыныстары ашылғандай болған еді. Енді еңселері түсіп қалмаса болғаны. Алайда, алдағы төрт қарсыласын да ұтуға болады. Бір жағынан «Тараздың» бас директоры Махамбет Дүйсембаев қазір Астанада алты ұпай мәселесімен жүр. Бәлкім, қайтарып та берер.

Біздің болжам:  «Тараз» алдағы төрт ойынның үшеуін ұтып қана қоймай, алты ұпайын да қайтарып алады. Қайтара алмаса да, 36 ұпаймен Премьер-лигада қалатыны түсінікті.

«Ақжайық» (Орал)

31-тур, 21.10.2017 ж. «Қайрат» (Алматы) – «Ақжайық»

32-тур, 28.10.2017 ж. «Ақжайық» – «Қайсар» (Қызылорда)

33-тур, 05.11.2017 ж. «Астана» – «Ақжайық»

«Ақжайықтың» еншісінде 30 турдан кейін 29 ғана ұпай. Вахид Масудов шәкірттерінің алда үш-ақ ойындары қалды. Оның екеуін түзде өткізеді. Кімдерге қарсы дейсіз ғой? 21 қазанда Алматыға аттанып, соңғы турда елордаға сапар шегеді. Бұл екі кездесуден жеңіс түгілі жалқы ұпайдан үміт ету артық шығар. Оралдықтар тек қазанның 28-і күні өз алаңында өтетін «Қайсарға» қарсы матчтан ғана ұпай ала алады. Онда да бір ұпай.

Біздің болжам: «Ақжайық» алдағы үш ұпайда «Қайсардан» ғана бір ұпай алып, маусымды 30 ұпаймен аяқтайды.

«Ақтөбе»

31-тур, 21.10.2017. «Ертіс» (Павлодар) – «Ақтөбе»

32-тур, 28.10.2017 ж. «Ақтөбе» – «Ордабасы» (Шымкент)

33-тур, 05.11.2017 ж. «Қайрат» (Алматы) – «Ақтөбе»


30 ойыннан кейін небәрі 29 ұпай жинаған «Ақтөбенің» биыл қандай қиындықтарды бастан кешіргені жайлы айтпай-ақ қояйық. Алдағы ойындарына тоқталайық. Владимир Муханов командасында үш матч қалды. Алдымен түзде «Ертіспен» кездеседі. Төртінші орын үшін «Тобылмен» тартысып жүрген павлодарлықтарға да қазір ұпай ауадай қажет. Олар «Ақтөбеге» оңайлықпен ұпай бере қоймас. Соңғы турда түзде «Қайраттан» да қанаттары қайрылып қайтатыны сөзсіз.  Есесіне өз алаңында «Ордабасыдан» алатын үш ұпайы дайын тұр-ау.

Біздің болжам: «Ақтөбе» маусымды 32 ұпаймен аяқтап, Премьер-лигадағы орнын сақтап қалады.

«Атырау»

31-тур, 22.10.2017. «Қайсар» (Қызылорда) – «Атырау»

32-тур, 28.10.2017 ж. «Атырау» – «Тараз»

33-тур, 05.11.2017 ж. «Тобыл» (Қостанай) – «Атырау»

«Атыраудың» еншісінде 32 ұпай. Алда үш ойыны бар. Алдымен түзде «Қайсармен» кездеседі. Қызылордада «қасқырлардан» таланып қайтпаса, ол жақтан «Атырауға» бір ұпай да бұйырып тұрған жоқ. Бірақ, «Тараздан» өз алаңында үш ұпай алуға болатын шығар. Ал соңғы турда Қостанайға қонаққа барады. «Тобылдың» да жағдайын жоғарыда айттық. Сондықтан, алдағы үш кездесуде «мұнайшылар» үш ұпайға ғана шүкір ететін шығар.

Біздің болжам: «Таразды» ғана жеңуге шамасы жететін «Атырау» маусымды 35 ұпаймен аяқтауы мүмкін. Бұл «мұнайшылар» үшін жеткілікті.

«Шахтер» (Қарағанды)

30-тур, 15.10.2017 ж. «Шахтер» – «Қайсар» (Қызылорда)

31-тур, 21.10.2017 ж. «Тараз» – «Шахтер»

32-тур, 28.10.2017 ж. «Шахтер» – «Тобыл» (Қостанай)

33-тур, 05.11.2017 ж. «Ертіс» (Павлодар) – «Шахтер»


Еншісінде 33, дәл қазір 11-орында келе жатқан «Тараздан» 7 ұпайға алда келе жатқан «Шахтер» Премьер-лигадан «ұша» қоймас. Рас, кеше «Астанадан» ұтылып қалғаны өкінішті. Дегенмен, алда әлі төрт ойыны бар. Тым болмаса, біреуінде ұтып жатса жеткілікті. Өзі де солай болатын шығар.

Біздің болжам: Қазанның 15-і күні Теміртауда өтетін «Қайсарға» қарсы өтетін ойынды жеңсе болды, «Шахтердің» мақсаты орындалайын деп тұр. 36 ұпай қарағандылықтардың максимум жетістігі.

«Қайсар» (Қызылорда)

30-тур, 15.10.2017 ж. «Шахтер» (Қарағанды) – «Қайсар»

31-тур, 22.10.2017 ж. «Қайсар» – «Атырау»

32-тур, 28.10.2017 ж. «Ақжайық» (Орал) – «Қайсар»

33-тур, 05.11.2017 ж. «Тараз» – «Қайсар»

«Қайсардың» еншісінде 35 ұпай. 11-ші орында тұрған «Тараздан» тоғыз ұпай алда. Әлі төрт ойыны бар. Осымен бәрі де түсінікті шығар. «Қайсардың» Премьер-лигада қалатынына ешкім де күмәнданбайды.

Біздің болжам: «Қайсарда» төрт ойында төрт ұпай болатын шығар деген болжам бар.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика