Вернуться к списку статей

«Қайрат» «Пескараның» парша-паршасын шығарды

Футбол
1K
«Қайрат» (Қазақстан) – «Пескара» (Италия) – 5:1. Фото: afckairat.kz
Футзалдан УЕФА кубогының негізгі кезеңі басталды. Бірінші топқа түскен «Қайрат» алғашқы ойынын өткізіп, «Пескара» клубын айқын басымдықпен жеңді.

Бірінші топтың ойындары Минскіде өтіп жатыр. Тырнақалды матчта Қазақстан чемпионы мен Италияның «Пескара» клубы кездесті. Бірінші таймда Дуглас шеберлігін паш етіп, екі гол соқты. Ал Адриатика теңізі жағалауынан келген команда 10-метрлік айып соққысынан есепті қысқартты.

Екінші таймда «Пескара» «Қайратқа» жойқын шабуылына бес минут қана төтеп бере алды. Шабуылға қақпашы Игита қосылып, оның пастарынан кейін Қазақстан чемпионы 44 секундтың ішінде екі гол соқты. Италия клубын сең соққандай күйге түсіп, ұнжырғасы түсіп кетті.

Бас бапкері қақпашысын бесінші ойыншыға алмастырып, қарекет жасап көрді. Бірақ бұл тактика да жарға жықты. Игита допты қағып алып, алыстан «Пескараның» қарауылсыз қалған қақпасын дәл көздеді. Бұдан кейін екі команда да уақыт өткізумен болды...

Енді «Қайрат» Ресей және Беларусь клубтарымен кездеседі. Ертең Мәскеудің «Динамосымен», ал 14 қазанда алаң иелері «Сталица» футзалшыларымен додаға түседі. Ал бұл екі команда арасындағы ойын жаңа басталды.

«Қайрат» (Қазақстан) – «Пескара» (Италия) – 5:1 (2:1)

Голдар: Дуглас, 2:57. Дуглас, 9:22. Дрот, 25:55. Алешандре, 26:39. Игита, 32:20 – Куццолино, 19:09 (10-м айып соққысы).

«Қайрат»: Игита, Сүлейменов, Дуглас, Алешандре, Тайнан, Дуду, Жаманқұлов, Есенаманов, Нұрғожин, Тайеби, Дрот, Лео, Першин, Даниэль Роса, Дуглас Нуньес.

«Пескара»: Капуоццо, Эрколесси, Моргадо, Роса, Куццолино, Пьетранджело, Романо, Фернандао, Капуто, Салас, Решиа, Борруто, Саад, Адзони.

Төреші: Хавьер Морено (Испания)

11 қазан, Минск. «Уручье» СС.

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 35 – 27
Тура соққы: 19 – 12
Қиыс кеткені: 11 – 7
Тойтарылғаны: 5 – 8
Бұрыштама соққылар: 4 – 2
Ескерту (сары қағаз): 3 – 2
Ереже бұзу: 10 – 10

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика