Вернуться к списку статей

Андорра, Сан-Марино, Гибралтар... Қазақстан ұлттық құрамасының Ұлттар лигасындағы қарсыластары

Футбол
1K
Андорра, Сан-Марино, Гибралтар... Қазақстан ұлттық құрамасының Ұлттар лигасындағы қарсыластары
Келесі жылдың күзінде басталатын ұлттық құрамалар арасындағы Ұлттар лигасында Қазақстан футболшылары Андорра, Косово, Сан-Марино, Гибралтар сынды құрамалармен кездеседі. Біздің деңгейіміз осы. Есесіне, «Еуро-2020» финалдық кезеңіне жолдама алатын мүмкіндігіміз көбейді.

Андорра, Сан-Марино, Гибралтар... Қазақстан ұлттық құрамасының Ұлттар лигасындағы қарсыластары

УЕФА-ға мүше 55 құраманың барлығы төрт лигаға бөлінді. Біз ең соңғысы, яғни D лигасындамыз. Жеребе тарту рәсімі 2018 жылдың 24 қаңтарында Швейцарияның Лозанна қаласында өтеді. Қай топқа түскенімізді, кімдердің қарсылас атанғандарын сол кезде білетін боламыз. Дегенмен, қазірден-ақ Украина, Хорватия, Исландия сынды құрамалармен ойнамайтынымыз белгілі. Ал Испания, Германия, Англия құрамалары жайлы мүлдем армандамай-ақ қойыңыз. Біз ең әлсіз лигадамыз. Мұнда УЕФА Еуропа рейтиңгінде 40-55 орындардағы командаларды орналастырған. Біз Ұлттар лигасында ары кетсе Әзірбайжан, Армения, Беларусь құрамаларымен ойнаймыз. Тіпті, Эстония мен Литваның өзі бізден бір лига жоғары.

«А» ЛИГАСЫ

Германия, Португалия, Бельгия, Испания, Франция, Англия, Швейцария, Италия, Польша, Исландия, Хорватия, Нидерланды.

«А» лигасына УЕФА рейтиңгінде көрсеткіші жоғары 12 құрама орналасқан. Олар үш командадан төрт топқа бөлінген. Әр топтың үздік командасы плей-офф жүйесі бойынша Ұлттар лигасының жеңімпазын анықтайды. Финалдық кезеңді қабылдайтын елді УЕФА 2018 жылдың желтоқсанында бекітеді. Ал өз тобында соңғы орын алған командалар «В» лигасына түседі.

«В» ЛИГАСЫ

Аустрия, Уэльс, Ресей, Словакия, Швеция, Украина, Ирландия, Босния және Герцеговина, Солтүстік Ирландия, Дания, Чехия, Түркия.

«В» лигасына УЕФА рейтиңгінде 13-24 орындарға ие 12 құрама орналасқан. Олар үш командадан төрт топқа бөлінген. Әр топтың үздік командасы «А» лигасына жолдама алады. Ал өз тобында соңғы орын алған командалар «С» лигасына түседі.

«С» ЛИГАСЫ

Венгрия, Румыния, Шотландия, Словения, Грекия, Сербия, Албания, Норвегия, Црна Гора, Израиль, Болгария, Финляндия, Кипр, Эстония, Литва.

«В» лигасына УЕФА рейтиңгінде 25-39 орындарға ие 15 құрама орналасқан. Олар төрт топқа бөлінген. Бір топта үш команда орнықса, қалған үшеуінде төрт командадан орналасады. Әр топтың үздік командасы «В» лигасына жолдама алады. Ал өз тобында соңғы орын алған командалар «D» лигасына түседі.

«D» ЛИГАСЫ

Әзірбайжан, Македония, Беларусь, Грузия, Армения, Латвия, Фарер аралдары, Люксембург, Қазақстан, Молдова, Лихтенштейн, Мальта, Андорра, Косово, Сан-Марино, Гибралтар.

«D» лигасына УЕФА рейтиңгінде 40-55 орындарға ие 16 құрама орналасқан. Олар төрт-төрттен төрт топқа бөлінеді. Әр топтың үздік командасы «С» лигасына жолдама алады.

Еуроға қатысу мүмкіндігіміз артты

Ұлттар лигасының форматы бойынша әр Лигаға «Еуро-2020» финалдық кезеңінің бір-бір жолдамасы бөлінген. Яғни, егер өз тобымызда жеңімпаз атанып жатсақ, өз Лигамыздағы басқа топтардың үздіктерімен плей-офф ойындарын өткізіп, бір жолдаманы жеңіп алуға мүмкіндігіміз бар. Басқа Лигаларда да солай.

УЕФА Ұлттар лигасының ойындар кестесі

Топтық кезеңнің жеребе тарту рәсімі: 24.01.2018 ж.

1-тур: 2018 жылдың 6-8 қыркүйегі

2-тур: 2018 жылдың 9-11 қыркүйегі

3-тур: 2018 жылдың 11-13 қазаны

4-тур: 2018 жылдың 14-16 қазаны

5-тур: 2018 жылдың 15-17 қарашасы

6-тур: 2018 жылдың 18-20 қарашасы

Финалдық кезеңнің жеребе тарту рәсімі: желтоқсан, 2018 ж.

Финалдық кезең: 5-9.06.2019 ж.

«Еуро-2020» електік ойындарының жеребесі: 22.11.2019 ж.

«Еуро-2020» електік ойындары: 26-31.03.2020 ж.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика