Ресей маманы Александр Бородюк тағы да таң қалдырды. «Е» тобындағы өзімізбен деңгейлес Армения құрамасымен өз жерімізде ойнасақ та, жасыл алаңға бір ғана шабуылшы, бес қорғаушы шығарды. Польша секілді азулы құрама болса бір жөн, қорғанысының топсасы осал командамен дәл осылай ойнамақ болғаны таңдандырды.
Ойынның басында біздің футболшылардың құлшыныстары зор болды. Бірнеше шабуыл ұйымдастырып, Армения құрамасының қорғанысы шынымен де осал екендігіне көзімізді жеткізіп берді. Бірақ гол соғып, қонақтардың сағын сындырудың сәті түспей қойды.
Жалпы бұл ойын қателіктерге толы болды. Екі команданың да ойыншылары доптан жиі айырылып қалып, бір-біріне пас бергенде жаңылысып, арлы-берлі жөңкілді-ақ. Десек те, Армения құрамасы сапындағы Генрих Мхитарянның деңгейі мен шеберлігі өзгелерден анағұрлым жоғары екендігі көзге ұрып тұрды.
Генрих әріптестеріне бірнеше рет тамаша пас беріп, шабуыл ұйымдастыруға тырысып отырды. «Манчестер Юнайтед» клубының жартылай қорғаушысының арқасында қонақтар допты қақпаларынан алысырақ ұстап, асып-сасқан қорғаушылары сабаларына түскендей болды.
Тіпті бірінші тайм ортасынан ауғанда ағылшын премьер-лигасында ойнайтын, Арменияның бағына біткен жұдызы есеп ашты. Ол біздің қорғаушылардан сытылып кетіп, қақпашымызбен бетпе-бет шықты да, допты Давид Лорияның үстінен асыра салды.
Бұл гол біздің футболшылардың аптықтарын су сепкендей баспаса да, еңселерін түсіріп жіберді. Бірінші таймның екінші жартысында Армения құрамасының футболшылары көсіле шауып, сәл де болса басымдық танытты. Абыой болғанда есепті еселей алмады.
Екінші таймда Қазақстан құрамасының бапкерлері Еркебұлан Тұңғышбаевтың орнына екінші шабуылшымызды шығарды. Әрі үзіліс кезінде жігіттерді жігерлендіріп, намыстарын біршама қайраған да сыңайлы. Біздің футболшылар атойлап алға шапты.
Ал Армения құрамасы... үзіліс кезінде не болғанын, екінші таймда жүгіруден қалды. Генрих Мхитарян шаршап қалғандай. Әрине, бұл біздің құрама үшін жақсы болды. Футболшыларымыз қонақтардың қорғанысын піспектеп жүріп, таразы басын теңестірді.
Гол соққан – тағы да Тұрысбек. Соңғы турларда бірінші лигада ойнап жүрген Бауыржан бұл жолы да, яғни Румыниядағыдай, басымен қақпаны дәл көздеді. Бірақ бұл жолы қақпашыдан айласын асырып, сол қапталдан әуелеп келген допты жерге ұрып, Бегларянды қапы қалдырды.
Бұдан кейін де біздің футболшылар қонақтарды тықсырып, бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Бірақ жеңісті жұлып ала алмады. Керісінше, соңғы секундтарда армяндар гол соғып кете жаздады. Алайда, дәл сол сәтте алаң иелерінің бағы басым болды.
Осы ретте айта кетуге тиіспіз, бұл ойында екі команданың да қақпашысы өз шеберліктерін паш етті. Әрқайсысы кемі үш рет өте қауіпті сәтте допты дарытпай, қас шеберлік танытты. Бірінші таймда Лория, екіншісінде Бегларян көрермендерді сүйсіндірді.
Қазақстан – Армения – 1:1 (0:1)
Голдар: Мхитарян, 26 (0:1). Тұрысбек, 62 (1:1).
Ескертулер: Мирошниченко, 24. Байжанов, 32. Муртазаев, 90 – Симонян, 68.
Қазақстан: Лория, Тұңғышбаев (Хижниченко, 46), Ахметов, Логвиненко, Дмитренко, Мирошниченко, Тағыберген, Байжанов (Дарабаев, 75), Нұрғалиев, Тұрысбек, Муртазаев.
Армения: Бегларян, Дагбашьян, Ароян, Микаэлян (Андонян, 67), Амбарцумян, Григорян, Малакян (Оганесян, 59), Симонян, Мхитарян, Пиззелли (Корян, 71), Адамян
Төрешілер: Тян, Бодян, Мардарь (бәрі де – Молдова).
8 қазан. Астана. «Астана Арена».
Ойынның қысқаша статистикасы:
Соққы: 13 – 17
Тура соққы: 5 – 6
Қиыс кеткені: 5 – 4
Тойтарылғаны: 3 – 7
Бұрыштама соққылар: 3 – 6
Офсайдтар: 2 – 1
Доп иелену: 55% – 45%
Пастар дәлдігі: 82% – 78%
Пастар: 552 – 381
Дәл пастар: 454 – 297
Ескерту (сары қағаз): 3 – 1
Ереже бұзу: 20 – 13