Вернуться к списку статей

“Оқжетпес” тағы да басшысы мен бас бапкерін ауыстырды

Футбол
1K
Көкшетаудың «Оқжетпесі» маусым соңында спорттық директоры мен бас бапкерін қызметтерінен басатып, олардың орындарына басқа мамандарды тағайындады.

Қазақстан премьер-лигасында соңғы орында тұрған «Оқжетпес» клубына Фёдор Симиниди спорттық директор болып бекітілді. Ол бұрын футболшы болған, «Қазақмыс» және «Ертіс» клубтарында ойнаған. 2015 жылы Қызылорданың «Қайсар» клубында команда басшысы қызметін атқарып, былтыр «Алтай» клубында спорттық директор болып, тәжірибе жинаған.

Жалпы, «Оқжетпес» биыл директоры мен спорттық директорын бірінші рет ауыстырып отырған жоқ. Көктемде Николай Панин мен Рустам Раджабов қызметтерінен босатылған-ды. Сол кезде Көкше клубына қайта оралған Юрий Бондаренко да көп отыра алмағандай...

Көкше клубы басшыларын ғана емес, бас бапкерін де тағы ауыстырып отыр. Биылғы маусымды бас бапкер ретінде Ресей маманы Владимир Муханов бастаған. Көктемде оның орнына Виктор Пасулько тағайындалды. Бірақ «Оқжетпес» көш соңында қалып, бәсекелестерінен қала бастады...

Соңғы турларда Пасулько көрінбей кетіп, командаға оның көмекшісі Нүркен Мазбаев жетекшілік етті. Енді, міне, маусым аяғына дейін, бас бапкерлік тізгін екі маманға сеніп тапсырылыпты. Олар – ресейлік Сергей Попков және өз еліміздің жаттықтырушысы Борис Глушков.

Сергей Попков 2015 жылы «Оқжетпестің» жаттықтырушылар құрамында жұмыс жасаған. Ал Борис Глушков – елімізге танымал маман. Кезінде Семейдің «Елімай» мен «Спартагында» және «Болат» (Теміртау), «Восток» (Өскемен) командаларында ойнаған. Жаттықтырушы ретінде «Елімай», «Астана», «Алтай» клубтарында еңбек етті.

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика