Вернуться к списку статей

Бородюк Федерацияның тапсырмасын орындай алып жүр ме?

Футбол
1K
Бородюк Федерацияның тапсырмасын орындай алып жүр ме?
Ұлттық құрамамыздың бас бапкері Александр Бородюктің Румыния және Армения құрамаларына қарсы шақырған футболшыларының тізіміне зер салыңызшы. Ресейлік маман Қазақстан футбол федерациясының басшылары қойған тапсырманы орындай алып жүр ме?

Әлқиса. Александр Бородюк ұлттық құрамамызға бас бапкер болып осы жылдың 26 ақпанында тағайындалды. Сол кезде Қазақстан футбол федерациясының ресми сайтында мынадай мәлімдеме жарық көрген еді.

«Футболдан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері қызметіне Александр Генрихович Бородюк тағайындалды. Федерацияның жаттықтырушылар кеңесі оның ұлттық құрамалармен жұмыс тәжірибесінің молдығы мен қазақ футболына жақындығын ескерді.

Басты себептің бірі Александр Бородюктің біздің құрамамен жұмыс істеуге деген ықыласы болды. Ол бірқатар ұлттық құрамалар мен өзге елдердің футбол ұйымдарының ұсыныстарынан бас тартты. 

Келісімшарт үш жылға есептелген. Жаңа бапкерге жергілікті жас таланттарды ашу, құраманы жасарту міндеті жүктелді. Қазақстан футбол федерациясы бұл тапсырманы жүзеге асыруға Александр Бородюктің мол тәжірибесі жететініне сенімді».

Соңғы абзацтың екінші сөйлемін қайта оқыңызшы: «ЖАҢА БАПКЕРГЕ ЖЕРГІЛІКТІ ТАЛАНТТАРДЫ АШУ, ҚҰРАМАНЫ ЖАСАРТУ МІНДЕТІ ЖҮКТЕЛДІ» дегенді көрдіңіз ғой?! Енді Бородюктің ұлттық құрамаға жыл бойына шақырған футболшыларын қарайық. Супер-бапкер қай супер-дарындарды ашқан екен?


Ұлттық құрамамыздың биылғы бес кездесуіне барлығы 26 ойыншы қатысыпты. Соның үшеуі ғана бас командамыздың жейдесін бірінші рет киген. Онда да шабуылшы Бауыржан Тұрысбек Црна Гораға қарсы өткен өз алаңымыздағы ойында 29 минут доп тепкен. Тағы бір «қайраттық» Ян Вороговский Алматыдағы Данияға қарсы ойында 24 минут доп тепкен. Ал «тобылдық» қорғаушы Григорий Сартаков жылдың тұсаукесер кездесуінде Кипрге қарсы өткен жолдастық матчта бір-ақ (1) минутқа алаңға шыққан. Бітті. Бородюктің кезінде осы үшеуінен басқа бірде-бір жаңа ойыншы ұлттық құрама сапында ойнаған жоқ. Оның үстіне, Сартаков пен Вороговский да әртүрлі себептерге байланысты ұлттық құрамаға шақырту алмады. Ал Бауыржан Тұрысбекті соңғы сәтті амалсыздан Румынияға алып кетті. Демек, Бородюк бұлардың талантын аша алмаған болып тұр ғой. Келісесіз бе? Ендеше, жанкүйерлер мен мамандардың өтініштерін былай қойғанда тікелей басшыларының тапсырмасын орындай алмаған бас бапкерге Қазақстан футбол федерациясы қалай шыдап жүр.

Оның қасында Талғат Байсуфинов былтыр бас командамызда бес жаңа ойыншыны ойнатқан. Солардың ішінде Роман Муртазаев әлі күнге бас командамызға шақыртылып келеді. Еркебұлан Тұңғышбаев та Байсуфиновтің «ақ батасынан кейін» ұлттық құрамамыздың негізгі ойыншыларының біріне айналды. Альмир Мухутдиновке үш ойында орын тауып берді. Жасұлан Молдақараевты екі матчқа алаңға шығарды. Қақпашы Владимир Плотниковті де тексеріп көрді.  

Обалы не керек, Александр Бородюк ойнатпаса да, Қазақстан ұлттық құрамасына бұрын-соңды бас командамыздың жейдесін кимеген бірді-екілі ойыншыларды тым болмаса оқу-жаттығу жиындарына шақырып жүр. Солардың ішінде қақпашылар Марсель Исламқұлов пен Игорь Шацкий, қорғаушылар Темірлан Ерланов пен Александр Марочкиндер бар. Алайда соңғы екеуі жарақаттанып қалды. Онсыз да алаңға шығу-шықпаулары неғайбыл еді, енді тіпті Румынияға да бара алмады.


Бірақ, бізде ұлттық құрамаға шақырту алуға лайық ойыншылар бұлар ғана емес қой. Неліктен бас бапкер басқа футболшылардың да әлеуеттерін байқап көрмейді? Оның үстіне, Румынияға қарсы кездесу болсын, Арменияға қарсы ойын болсын, енді ешнәрсе шешпейді. Рас, соңғысынан ұпай алуға болады. Алайда, Арменияны жеңіп, жанкүйерлерді жұбата қоймайсың. Ендеше неліктен Премьер-лигадағы басқа да ойыншыларды шақыртып көрмеске?

Жарақатына байланысты маусымның біраз бөлігінде көсіле алмаса да, «Ертістегі» қорғаушы Дамир Дәуітов дәл қазір нағыз бабында. Одан бөлек, «Шахтерде» Михаил Габышев, «Қайсарда» Ілияс Әмірсейітов, Думан Нәрзілдаев, «Ақтөбеде» Берік Айтбаев, Бағдат Қайыров, «Тобылда» Тимур Жақыпов, «Атырауда» Елдар Әбдрахманов, «Ордабасыда» Бекзат Бейсенов деген жігіттер бар. Ақыры алдына қойылған тапсырма – топта көш бастау емес, таланттарды ашу екен, бәрін бірден болмаса да, біртіндеп алаңға шығарып көрсе болар еді ғой.

Ұлттық құраманы жасарту керек болса, Жастар құрамасына да көз тігіп көруіне болар еді. Мәселен, өз кезегін күтіп Еркебұлан Сейдахмет, Әлішер Сүлей, Дидар Жалмұқан сиықта жастар бар. Англияда Рэшфорд, Испанияда Асенсиоға мүмкіндік беріліп жатқан жоқ па? Рас, Асенсио мен Рэшфорды біздің жастармен салыстыруға келмейді. Дегенмен, Испания мен Қазақстан құрамаларының да айырмалары жер мен көктей емес пе?

Әлбетте, Александр Бородюкке ақыл айтатын біз емес. Десек те, жанкүйерлердің де басым бөлігі біздің пікірмен келісетініне күмәніміз жоқ. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика