Вернуться к списку статей

"Тараздан" жеңілген "Ақтөбе" Бірінші лига "есігін қағып" тұр

Футбол
1K
Биыл Премьер-лигадан «Оқжетпеспен» бірге «Ақтөбе» де ұшатын сияқты. Ел чемпионатының 29-туры аясында «Таразбен» кездескен Владимир Муханов шәкірттері 0:1 есебімен ұтылып қалды.

Кездесудегі жалғыз голды франциялық легионер Жан-Юдес Морис соқты. «Ақтөбе» сапындағы өзінің отандасы Жереми Фог-Порренің баспен берген добын жерге түсірместен иесіз қалған қақпаға асыра салған Морис осы маусымдағы өзінің төртінші голын соқты. Бұл жерде «Ақтөбе» қақпашысы Самат Отарбаевтың да тым алға шығып кеткенін айта кеткен жөн. Жалпы, Самат бүгін жиі қателесті. Соңғы минутта да айып алаңынан шығып кетіп, қақпасын жоғалтып алды. Абырой болғанда, «тараздықтың» ашық қақпаға асыра салған добын тура сызықтан қорғаушылардың бірі қайтарды.

Рас, «Ақтөбе» де қарап қалған жоқ. Қонақтарда да таразы басын теңестіретін керемет мүмкіндіктер болған. Әсіресе, Томаш Шимкович қолды-аяққа тұрған жоқ. Танк секілді қорғаушылардың барлығын жаныштап өтіп, бірнеше рет қақпаға теуіп көрді. Алайда, Джурахон Бабаханов бабында екен, қонақтардың бірде-бір соққысын өткізбеді. Өзінің ойын басындағы қателігін жуып-шайғысы келген Жереми Фог-Порре 40 шақты метрден тура «тоғыздықты» көздеген. Джурахон оны да алып шықты.

Осылайша, «Тараз» өз алаңында 1:0 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесіндегі жағдайын аз да болса, реттеп алды. Енді алда олардың төрт ойындары бар. Түзде «Атырау» және «Оқжетпеспен» ойнап, өз алаңында «Шахтер» мен «Қайсарды» қабылдайды. Бәрі де ұтуға болатын қарсыластар. Ал «Ақтөбенің» кестесі күрделірек. Оларда үш ойын қалды. Павлодарға және Алматыға қонаққа барады. Өз алаңында "Ордабасымен" ойнайды. Бәрі де қарымды командалар. Сондықтан, «Ақтөбе» биыл «Оқжетпеспен» қол ұстасып, Бірінші лигаға кетуі әбден мүмкін.

Жалпы, қазір жанкүйерлер арасында «Ақтөбеге» байланысты әртүрлі әңгіме өріп жүр. Мәселен, «Ақтөбе» қарыздарын өтеу үшін, өз ішіндегі былықтарын түзеп, ішкі жағдайын реттеу үшін саналы түрде Бірінші лигаға барады деген де сыбыс бар. Кім біледі, «жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» ғой. Әліптің артын бағайық. Бәлкім, Оралдан да бір хабар жетіп қалар.

«Тараз» – «Актобе» 1:0 (1:0)

Гол: Жан-Юдес Морис, 17 (1:0).

Ескертулер: Муарем 19, Миюшкович 43, Эргашев 47, Нейн 55.

«Тараз»: Бабаханов, Эргашев, Фещук, Шипицин, Морис, Миюшкович (Молтусинов 85), Мане (Диара 69), Шадманов, Зайнутдинов (Қожамберді 56), Әмірханов (к), Воротников

Резерв: Логиновский, Кургулин, Таубай, Байжанов, Хайруллин, Горячий.

«Ақтөбе»: Отарбаев, Муарем (Обрадович 58), Шимкович, Нейн, Симович (к), Фог-Порре, Колчак (Савич 81), Зенькович, Кәкімов (Байтана 71), Шурыгин, Валиуллин. 

Резерв: Сидельников, Сәулет, Айтбаев, Аслан, Жүнісов, Айымбетов.

Төрешілер: Марат Ысқақов (Астана), Айдын Тасыбаев (Павлодар), Денис Лабашов (Атырау). Резервтегі төреші: Бағдат Абдуллаев (Қаратау).

Тараз қаласы, Орталық стадион. 5000 көрермен. 


Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика