Вернуться к списку статей

«Астана» «Тобылмен» тең түсті – «Қайраттан» қара үзгісі келмейді

Футбол
1K
«Тобыл» – «Астана» – 1:1. Фото: fctobol.kz
«Астана» ХХІХ турда түзде «Тобылмен» кездесіп, 1:1 есебімен тең түсті. Енді «Қайрат» кемі 10 күн бойы бірінші орында тұрады.

«Астанаға» ел чемпионатында көш бастап, Еуропа лигасында көңілге қонымды нәтиже көрсету оңай болып жүрген жоқ. Маусым соңында, былтырғыдай құрамы селдіреп қалды. Бүгін де негізгі құрамдағы бірнеше ойыншысын алаңға шығара алмады. Жарақат алып, қатардан шығып қалған футболшыларының саны әр ойын сайын көбейіп келеді.  

Бас бапкері Станимир Стойловтың айтуынша, Ласло Кляйнхайслер, Джордже Деспотович, Марин Аничич, Срджан Граховац сынды ойыншыларының қатарына Серікжан Мұжықов қосылыпты. Ал Патрик Твумасиге суық тиіп қалған көрінеді. Бұл аз болғандай, бүгін Қостанайда Дмитрий Шомко жарақаттанып қалды...

«Астананың» бас бапкері «Қостанайда қалай болар екен» деп біршама уайымдапты. Бірақ «Тобыл» ел чемпионын соншалықты әбігерге түсіре алмады. Рас, бүгін құрамында Ника Квеквескири мен Альмир Мухутдинов болған жоқ. Бірақ өз алаңында, табиғи көгалда ойнады. Әйтсе де, басымдық таныта алмады, бір ұпаймен шектелді.

Күндіз жауын жауған екен, Қостанайдағы «Орталық» стадионның алаңы су болды. Футболшылар тіпті тайғанақтап, аса жоғары жылдамдықта ойнай алмады. Бұл Еуропа лигасындағы шиеленісті ойында көп күш жұмсаған «Астананы» да, орташа қарқынды ұнататын «Тобылды» да қанағаттандырғандай. Қарқындары оқте-текте үдеткендері болмаса, екі команда да асықпады.

Ойынның 33-минутында Алексей Щеткиннің басымен ортаға қарай сілкіп жіберген добын Жасұлан Молдақараев айып алаңының ішінде іліп әкетті де, сәл-пәл алға жылжып, шиіре тепті. «Астананың» қақпашысы Александр Мокин жаза басып, аяғының астындағы допты тойтара алмай, оңбай қателесті...

«Астананың» жауабы көп күттірген жоқ. Шабуылды үдеткен қонақтар 41-минутта таразы басын теңестірді. Дмитрий Шомко алға қарай ентелеп, «Тобылдың» қорғаушылары «кімге пас берер екен» деп, аңтарылып тұрғанда, допты айып алаңының сыртынан шірене тепті. Ыңғайына салып тепкен добын қақпашы да тойтара алмай, қапы қалды.

Екінші таймда қауіпті сәттер көп болған жоқ. Эгон Вухтің бірлі-жарым мүмкіндігі болған еді. Бірақ біріншісінде оны Сергей Малый тоқттатты. Екіншісінде өзі қиыс тепті. Осылай «Тобыл» гол соға алмай қойды. Ал «Астанаға» дәл қазіргі жағдайда бір ұпай да жеткілікті сияқты.

Кеше басты бәсекелесі «Қайрат» сүрініп, екі ұпай жоғалтқан. «Астана» осы жеті ұпай айырмасын ұстап тұруды ғана ойлайтын сияқты. Босқа арамтер болып қайтеді. Әлі кейінге шегерілген ойындары бар. Шамасы жететін командалармен кездеседі. Бәрін де есептеп отырған секілді...

«Тобыл» – «Астана» – 1:1 (1:1)

Голдар: Молдақараев, 33 (1:0). Шомко, 41 (1:1)

Ескертулер: Тағыберген, 34. Шомко, 51. Шитов, 86.

«Тобыл»: Непогодов, Мирошниченко, Шиков, Кассай, Сартаков, Гурман, Жулпа, Ллуллаку (Бекич, 85), Жалмұқан (Вух, 71), Щеткин (к), Молдақараев.

Қосалқы құрам: Павлов, Шұбаев, Джалилов, Жақыпов, Жұмасқалиев, Левин.

«Астана»: Мокин, Шитов, Малый, Логвиненко, Постников, Шомко (к) (Маевский, 65), Тағыберген (Прокопенко, 90+2), Бейсебеков, Томасов (Шайыхов, 81), Муртазаев, Кабананга.

Қосалқы құрам: Эрич, Твумаси.

Төрешілер: Сахи, Жақсылық (екеуі де – Қызылода), Конивец (Қарағанды).

1 қазан, 2017. Қостанай, «Орталық». 2500 көрермен.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика