Конго Демократиялық Республикасы құрамасы мен «Астана» футбол клубының шабуылшысы Джуниор Кабананганың агенті Фабио Бальо шетелдік клубтардан ұсыныстар түсе бастағандығын мақтанышпен мәлімдеген.
Бұл тұрғыда, Бельгиядағы walfoot.be басылымы Фабио Бальоның сөздерін былай деп келтірген:
– Енді менің телефонымда тыным жоқ. Бірнеше ұсыныстар түсті. Тіпті Қытайдан да хабарласқандар бар. Бірақ бізді бұл елітпейді. Бельгия дейсіз бе? Жо-оқ, тіпті «Андерлехт» те қызықтырмайды.
Фабио Бальо дәл осылай кесіп айтса да, Бельгия басылымы Джуниор Кабананганың Африка кубогындағы жетістігіне қуанышты екендерін білдірген. «Өмірдегі қандай да бір сәтсіздіктерге бола басылып қалуға болмайды, талпына беру керек, бұл – жас футболшылар үшін керемет үлгі», – деп жазған.
Бельгия басылымының “жанбай жатып сөнуге болмайды” деп жазатындай жөні және сыры бар. Себебі Кабананга 2010 жылдан бастап «Андерлехт» клубының сапында болған. Бірақ ойнағаны шамалы, "Беерсхот", "Руселаре", "Серкль Брюгге" сынды клубтарға жалға беріліп, бағы ашылмаған...
2015 жылы «Астана» клубына ауысқан Кабананганың бағы енді ашылайын деген сияқты. Бәрі де ертеңгі матчты асыға күтуде. Айбынды Гана құрамасы Конго ДР футболшыларын тоқтатып, үйлеріне қайтара ма, жоқ әлде Джуниор Кабананга Гананың да қақпасына гол соғып, төрткіл дүниені қайран қалдыра ма?
Жоғарыда аталған Бельгия басылымы да «жексенбі күні өтетін ширек финалдағы матчта Кабананга тағы да жастарымызға үлгі көрсете ме» деп жазыпты. Иә, «Кабананга ма, әлде Гана ма» деп отырған тек қана біз емес. Күллі Африка мен барша Еуропа да тықыршып отыр...