Вернуться к списку статей

Ярослав ЩИЛГАВЫ – Топтан шығу жолында «Астана» бізге кедергі бола алмайды

Футбол
1K
Ярослав ЩИЛГАВЫ – Топтан шығу жолында «Астана» бізге кедергі бола алмайды
Қазақстанға қанша команда келіп жүр. Талай шетелдік бапкер журналистер алдында сұхбат беріп жүр. Бірақ дәл мынадай баспасөз мәслихатын көрмеппін. «Славияның» медиа-офицері «алғашқы төрт сұрақтың орысша болады» деді де одан кейін баспасөз мәслихаты аудармасыз таза чех тілінде өтетінін айтты. Түк түсінбей, мәңгірдік те қалдық.

– Ойын өзім күткендей болды. «Астана» бізге қарсы өте жақсы ойнады. Бірақ, матчты біз сәтті бастадық. Егер өзімізде болған мүмкіндіктердің барлығын голға айналдырғанымызда бірінші таймнан кейін-ақ 3:0 есебімен жеңіп тұратын едік. Үзілістен кейін алаң иелері қарқындарын күшейтті, - деді Щилгавы.

– Екінші таймда «Славия» футболшылары уақытты созуға тырысқандай көрінді...

– Өйткені, «Астананың» қарқыны күшейіп кетті. Бізге алаң иелерінің аптығын басу қажет болды. Қолымыздан келді. Ойынға да, таблодағы нәтижеге де көңілім толады.

– «Славияның» басты жұлдызы Мигель Дани неге алаңға шықпады?

– Ол Астанаға келген. Алаңға шығарамын деп ойладым. Алайда, жарақатын ұзақ емдеген Мигельдің бүгінгі кездесуге қаншалықты дайын екенін білмедім. Одан сайын асқындырып алудан қорықтым. Басымды қатерге тіккім келмеді.

– «Астананың» топтық кезеңнен шығу мүмкіндігін қалай бағалайсыз?

– Әлбетте, біздің топтың көшбасшысы – «Вильярреал». Олар топтан бірінші орынмен шығады-ау. Ал біз екінші орынға таласамыз. Басты бәсекелесіміз – «Астана» болатын шығар. Дегенмен, плей-офф кезеңіне жолдама алу жолында «Астана» бізге кедергі болмауы тиіс. Жалпы, алғанда алда әлі ойын көп. Оның үстіне, «Вильярреалдың» да Израильден қандай нәтижемен қайтатынын білмейміз. Сондықтан, бұл топта бәрі де кез келген сәтте шиеленісіп кетуі әбден мүмкін.

– «Астана-Аренаға» жиналған жанкүйерлердің алаң иелерін қолдауы жайлы не айтасыз?

– «Астананың» стадионы керемет. Маған ұнады. Сондай-ақ, жанкүйерлеріңіз де командаларыңыздың жақсы ойнауы үшін тамаша қолдау көрсетті.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика