Вернуться к списку статей

Станимир Стойлов – «Астананың» Еуропа лигасындағы тағдыры алдағы екі ойында шешілуі мүмкін

Футбол
1K
Станимир Стойлов – «Астананың» Еуропа лигасындағы тағдыры алдағы екі ойында шешілуі мүмкін
Ертең Еуропа лигасы топтық кезеңінің екінші туры аясында елорданың «Астанасы» «Астана-Аренада» Чехияның «Славиясын» қабылдайды. Ойын алдында алаң иелерінің бас бапкері Станимир Стойлов матч туралы пікірімен бөліскен еді.

– Ертең бізді өте маңызды ойын күтіп тұр. Біз үшін топтық кезең енді ғана басталды деп айтсақ та болады. Өйткені, өткен турда түзде «Вильярреалдан» ұтылғанымызбен біздің негізгі қарсыластарымыз – «Славия» мен «Маккаби». Осы командалардан ұпай алуға тырысамыз. Әсіресе, өз алаңымызда оларға ұпай бермеуіміз қажет.

– Ертеңгі ойында алаңға шыға алмайтын ойыншылар бар ма?

– Өкінішке қарай, жарақатына қарай ертеңгі кездесуде алаңға шыға алмайтын ойыншылар да бар. Джордже Деспотович пен Ласло Кляйнсхайслердің саптан шыққанына көп болды. Сондай-ақ, өтакен турда «Таразға» қарсы ойында Срджан Граховац пен Игорь Шитовтан айрылып қалдық. Соңғысын қарсыласы жұдырықпен иығын сындырды. Осы төрт легионер көмектесе алмайды. Дегенмен, қазір проблема туралы ойлайтын кез емес. Позитив керек. Ұтуға тырысамыз.

– «Легия» мен «Селтикке» қарсы ойындарда «Астана» ашық ойын көрсетіп, алға атойлап шабумен болған еді. Ертеңгі ойында да сіздерден сондай ойын үлгісін көреміз бе?

– Қорқудың қажеті жоқ. Өз ойынымыздан танбаймыз. Шабуылдау қажет болса, неге аянып қалуымыз қажет? Дегенмен, қорғанысты да ұмытуға болмайды. Сәл агрессия қосамыз. Ең бастысы, үш ұпай.

– Бізді өз алаңымызда қатарынан екі ойын күтіп тұр. «Славиядан» кейін келесі турда Израильдің «Маккабиін» қабылдайды. Плей-офф кезеңінің жолдамасы осы екі турда шешіледі дегенмен келісесіз бе?

– Мен де солай ойлаймын. Дегенмен, өзіміздің мүмкіншілігімізді асыра бағалауға болмайды. Рас, плей-оффтың жолдамасына қол жеткізгіміз келеді. Бірақ, өз алаңымызда жеңіске жете алмай қалған жағдайда бұдан трагедия жасаудың керегі жоқ. Бұдан кейін де ойындар бар. Бұл турда бәрі соңғы сәтте шешіледі деп ойлаймын. Жалпы, «Астана» соңғы екі жылда Қазақстан чемпионатының деңгейінен асып түсіп, өз әлеуетінен жоғары жетістіктерге қол жеткізді. «Астана» кез-келген командаға қарсы ойнауға болатынын дәлелдеп жатыр. Сондықтан, бәріне де сабырмен қараған жөн. Біздің деңгейіміз өскенімен ел чемпионаты дамымай тұр. Бұл дұрыс емес.

– «Вильярреалмен» салыстырғанда «Славияның» деңгейі жоғары ма, әлде төменірек пе?

– Екі команданың деңгейі салыстыруға келмейді. «Вильярреалдың» деңгейі әлдеқайда жоғары. Алайда, қазіргі жағдайға қарау қажет. Осыдан екі жыл бұрын «Славияны» Қытайдың компаниясы сатып алды. Содан бері бұл команданың деңгейі өте жақсы қарқынмен өсіп келеді. Құрамында мықты ойыншылар көп. Әр шепте бәсекеге қабілетті үш-төрт ойыншыдан бар. Ойыншыларының көбі Еуропаның еңселі командаларында ойнайды. Жалпы, ұжым ретінде мықты.

– «Славияның» қай ойыншысынан қауіп мол болуы мүмкін?

– Бұл команданың шабуыл шебі мықты. Мигел Дани, Томаш Нецид сынды креативті ойыншылары бар. Сондай-ақ, допты тартып алып, оны қарсыласына бермей қоюда да шебер екен. Бізге олардың әр ойыншысына мұқият болу керек.

– Өткен маусымда «Астана» негізінен ел чемпионатына басымдық берген еді. Биыл да «Қайраттың» қарқыны қатты. Елордалықтар бір-екі рет сүрінсе, алматылықтар басып озатын халде. Чемпионатта қиын жағдай туа қалса, былтырғыдай Еуропа лигасын емес, ішкі біріншілікті ойлап кетпейсіздер ме?

– Ешнәрседен бас тартуға болмайды. Рас, «Қайраттың» қазіргі қарқыны қатты. Алматылықтар тіпті, турнир кестесінде бізден алда тұр. Дегенмен, біз екі жақты да қатар алып жүруге тырысамыз. Ел чемпионы атану – біздің басты мақсат. Бірақ, Еуропа лигасының 1/16-финалына шығу бақыты күнде бұйыра бермейді. Оған да қол жеткізуге тырысамыз.

– «Астана-Арена» стадионының шатырын жауып тастапты. «Славияны» күн суықта қабылдаған дұрыс болар ма еді?

– Стадионның шатыры жабылғанын кеше байқадық. Жауып тастапты ғой. Бірақ, бізге бәрібір. Күн суық болсын, жылы болсын, ойын кезінде бәріміз ыстықтап жүреміз. Жанкүйерлерге жақсы болды. Жылырақ отырады.

Естеріңізге сала кетейік, Еуропа лигасының топтық кезеңі аясындағы «Астана» мен «Славия» арасындағы кездесу ертең сағат 21:00-де басталады.        

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика