Вернуться к списку статей

Бірінші лига. "Жетісудың" Премьер-лигаға шығуына екі қадам қалды

Футбол
1K
Бірінші лига.
Футболдан Қазақстан Бірінші лигасының ХХІІ туры артта қалды. «Жетісу» жинаған ұпайларының санын 50-ден асырса, «Екібастұз» 10-ға да жеткізе алмай әлек.

Біздің елде футболдан ел чемпионаты бар екенін бәрі біледі. Бірақ Бірінші лига туралы хабары барлар некен-саяқ. Тіпті, Премьер-лига мен Бірінші лиганы бір чемпионат деп шатастыратындар да көп. Мұның барлығы не себептен?

Құрамында тоғыз-ақ командасы бар, таласы жоқ, тартысы жоқ чемпионат кімді қызықтыра қойсын. «Жетісудың» еш бәсекесіз бас жүлдені алатыны әу баста-ақ белгілі болған. Осы турда талдықорғандықтар өз алаңында еш қиындықсыз Шымкенттің «Қыранын» 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Бірінші таймда аздап қарсылық танытқанымен үзілістен кейін алаң иелері «Қыран» қақпасына жауапсыз үш гол соқты.

«Қызыл-Жар» «Жетісудан» тұп-тура 10 ұпайға қалып келеді. Владимир Фомичев шәкірттері өз алаңында Жетісайдың «Мақтааралын» қабылдаған. Қақпашысын 90 минут бойы мазалағанымен командалар сол күйі есеп аша алмай кетті.

Ал «Қайраттың» академиясы өз алаңында Қызылорданың «Байқоңырын» жеңді. Елбасымен жүздесіп, қуат алған алматылық жастар қонақтарды біраз қысып, ақыры екінші таймның екінші жартысында мақсаттарына жетті. Есеп – 2:0.

«Шахтердің» фарм-клубы түзде «Екібастұзды» ұтты. Бірінші лиганың басты аутсайдері биыл жеңілістен көз ашпай-ақ қойды. Үзіліске үш минут қалғанда Константин Бернацкийдің соққысын өткізіп алды.

Сонымен, Бірінші лигада турнир кестесі жетіге бөлінді. Өзі айналдырған тоғыз-ақ команда. Дәл қазір тек төртінші орын үшін ғана үш команда – «Байқоңыр», «Мақтаарал» және «Шахтер-Болат» арасында талас бар.

БІРІНШІ ЛИГА

ХХІІ тур (24.09.17)

«Жетісу» (Талдықорған) – «Қыран» (Шымкент) 3:0 (0:0)
Голдар: Асқат Балтабеков, 56 (1:0). Рифат Нурмугамет, 63 (2:0). Олег Хромцов, 88 (3:0). 

«Қызыл-Жар» – «Мақтаарал» (Жетісай) 0:0 (0:0)

«Қайрат А» (Алматы) – «Байқоңыр» (Қызылорда) 2:0 (0:0)
Голдар: Артур Шушеначев, 69 (1:0). Мадияр Райымбек, 75 (2:0). 

«Екібастұз» – «Шахтер-Болат» (Теміртау) 0:1 (0:1)
Голдар: Константин Бернацкий, 42 (0:1). 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика