«Ертіс» пен «Ордабасы» бірінші айналымда, нақтырақ айтқанда, Х турда Павлодарда кездесіп, оңтүстікқазақстандықтар 1:0 есебімен жеңіске жеткен. Ал ХХ турдағы Шымкентте өткен ойында керекуліктер тура осындай есеппен есе қайтарған.
Үшінші айналымда екі команда Шымкенттің шамы жарқыраған стадионында кездесті. Өткен турда «Қайраттан» оңбай ұтылған «Ордабасы» өз жанкүйерлері алдында жеңіске жетіп, Алатау бөктеріндегі сәтсіздігін ұмыттыруға тырысса керек еді...
Алайда қорғанысын әлі түзей алмапты. Пабло Фонтанелло қатардан шығып қалғалы бекінісінің босағасы біршама босап қалғандай. Әрі бапкерлері бұл ойында да қақпаға Рамиль Нурмухаметовті қойды. Алмат Бекбаев тағы да қосалқы құрам орындығында отырды.
Ойынның 32-минутында Беко Исмаел Фофана алаң иелерінің оң қапталдағы қорғаушысының қателігінен соң допты іліп әкетті де, «Ордабасының орталық қорғаушысынан да сытылып кетіп, өте сүйір бұрыштан қақпаны дәл көздеді. Қақпа бағанасын бітеп тұрмай, ашық қалдырған Нурмухаметов қапы қалды...
Екінші таймның басында Фофана тағы да «Ордабасы» клубының орталық қорғаушыларын сеңдей соғыстырды. Александр Симчевичтің өрескел қателігін пайдаланып, допты тағы да іліп әкетті. Әрі үш қорғаушының ортасынан қақпаны алыстан дәл көздеді...
Бұдан кейін «Ордабасы» қарқынын үдетті. Тайлы-таяғымен алға қарай лап қойды. Тіпті ызаланып, ашуға булығып жүргендері де байқалды. Ойын ережесін бұзу жиіледі. Симчевич сабасына түсе алмады, ақыры екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды.
«Ордабасы» алға қарай ентелеп, «Ертістің» қарсы шабуыл ұйымдастыру мүмкіндігі арта да, жиілей де түсті. Бірақ қонақтар бірнеше шабуылдарын аяқсыз қалдырып, үшінші рет гол соғудың сәті түспей қойды. Әрі алаң иелерінің қорғаушылары да аянбай, жанкештілік таныта бастады.
«Ордабасы 10 ойыншымен қалса да, есепті қысқартты. Азат Нұрғалиев сол қапталдан «Ертістің» қорғанысын бұзып-жарып өтіп, үш қорғаушыны алдап өтті де, допты Срджан Вуякийланың аяғына салып берді. Қақпа алдындағы серб шабуылшысына мүлт кету әсте мүмкін емес еді...
Осылай «Ордабасы» өз алаңында да ұтылды.Соңғы үш турдағы бір ойында тең түсіп, екеуінде жеңілістің кермек дәмін татты. Жалпы, биылғы маусымда 10 рет ұтылыпты. Жүлдеден үмітті команда үшін көп болмаса, аз емес, әрине. 29 ойында 30 гол жіберген...
Ал «Ертіс» бүгінгі жеңісінің арқасында 4-орынға көтерілді. Әрі өкшесін басқан «Тобылға» қарағанда бір ойын кем өткізді. Осы қарқынын жоғалтпаса, биыл да Еурокубок додасында бақ сынау құқығына қол жеткізуге болады. Бірақ ендігі қарсыластары – «Қайрат» пен «Астана». Қалай болар екен?..
«Ордабасы» – «Ертіс» – 1:2 (0:1)
Голдар: Фофана, 34 (0:1). Фофана, 49 (0:2). Вуякийла, 85 (1:2).
Ескертулер: Симчевич, 8. Нөсербаев, 27. Фофана, 27. Ковальчук, 40. Стаменкович, 45+2. Родриго, 54. Төлебек, 64, Калинин, 78. Лория, 90+1.
Алаңнан қуылды: Симчевич, 73 (екінші ескерту).
«Ордабасы»: Нурмухаметов, Төлебек, Симчевич, Смақов, Ерланов (Қожабаев, 35), Бочаров (Тұңғышбаев, 46), Диакате, Ковальчук (Вуяклийа, 52), Каньяс, Нұрғалиев (к), Нөсербаев.
Қосалқы құрам: Бекбаев, Петрак, Ирисметов, Әшірбеков, Жұмаханов, Гейнрих.
«Ертіс»: Лория (к), Есімов, Дәуітов, Маслач, Стаменкович, Огиря, Родриго, Калинин, Шабалин (Попов, 90+5), Фонсека, Фофана (Бугаев, 56).
Қосалқы құрам: Калмыков, Қапанов, Живкович, Смайылов, Түлиев.
Төрешілер: Кучин (Қарағанды), Калачев (Атырау), Навроцкий (Астана).
24 қыркүйек, 2017. Шымкент, Қажымұқан атындағы стадион. 3000 көрермен.