Вернуться к списку статей

Қатарынан бес ойында жеңілмеген "Ақтөбені" "Қайсар" тізерлетті

Футбол
1K
Қатарынан бес ойында жеңілмеген
Қазақстан Премьер-лигасының 28-туры аясында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдаған «Ақтөбе» өз жанкүйерлерінің алдында 0:1 есебімен жеңіліп қалды.

Кездесуді қоя тұрып, алдымен ойын өткен стадион жайлы айта кеткіміз келіп отыр. Басшылықтың іскерлігінен шығар, биыл «Ақтөбе» Қобыланды батыр атындағы стадионға мамырдың басында-ақ ауысып алды. Бірақ, неге екені белгісіз, «Қайсарды» Орталық стадионда емес, сиымдылығы небәрі 1500 көрермен болатын «Мұнайшыда» қабылдады. Бізге жеткен ақпараттарға сүйенсек, бұл Қобыланды батыр стадионында концерт өтетіндігіне байланысты екен. Біздің футболдың сорлының күйін кешіп отырғандығының тағы бір дәлелі осы ғой, футбол стадионын сахнаға айналдыра саламыз да, ойынды қажет болса аула алаңында да өткізе береміз.

Хош, не көрмеген қазақ футболы дейсіз. Одан да алаңға оралайық. Ойын алдында екі команданың да ұпайы бірдей болғандықтан жеңіс екі команда үшін де ауадай қажет болды. Мамандар мұндай матчты «6 ұпай үшін талас» деп айтады. Кездесу расымен де тартысты өтті. Алғашқы минуттарда алаң иелері белсенді болғанымен «Қайсар» алғашқы шабуылында-ақ гол соғып, есепте алға шықты. Кейін белгілі болғандай, бұл осы ойындағы жалғыз гол еді. Авторы – Мақсат Байжанов. Сол қапталда Владимир Муханов шәкірттерінің қателігін пайдаланған қызылордалықтардың капитаны допты сүйрете отырып, «Ақтөбенің» айып алаңына ентелей кірді. Жаяу жауды қырып өткен танк секілді бәрін «таптап» шықты да, «Красаваны» Самат Отарбаев қақпасының сол жақ бұрышына асықша шиіре салды. Есеп – 0:1.

Рас, бұдан кейін «ақтөбеліктер» таразы басын теңестіретін керемет мүмкіндіктерге ие болған. Алайда, кейінгі кездері «Қайсармен» болған текетіресте бұл команданың жолы болмай жүр. Бұған дейінгі жеті ойында Сыр командасын жеңе алмаған «Ақтөбе» бүгін үш ұпайды Стойчо Младенов шәкірттеріне ұстата салды.

«Актөбе» – «Қайсар» (Қызылорда) 0:1 (0:1)

Гол: Байжанов, 10 (0:1) .

«Ақтөбе»: Отарбаев, Муарем, Савич (Обрадович 46), Нейн, Симович (к), Фог-Поррье (Шимкович 75), Колчак, Айтбаев (Шурыгин 46), Зенькович, Қайыров, Валиуллин.

Резерв: Тамабай, Сәулет, Байтана, Розыбакиев, Кәкімов, Айымбетов.

«Қайсар»: Григоренко, Граф, Камара, Курьор, Ламанж, Бойович (Жаңғылышбай 92), Джа Джедже (Аржанов 40), Әмірсейітов (Евстигнеев 83), Байжанов (к), Коробкин, Чуреев.

Резерв: Исламқұлов, Алтынбеков, Нәрзілдаев, Сахалбаев, Балтаев, Жахаев,

Төрешілер: Тимур Қумашев (Астана), Евгений Филипчук (Шымкент), Артем Конивец (Қарағанды)

Ақтөбе қаласы, "Мұнайшы" стадионы.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика