Вернуться к списку статей

"Оқжетпес" – "Атырау". Шабуылшың әлсіз болса, қорғаушыларға күнің қарайды

Футбол
1K
Өз алаңында басты бәсекелесі «Атыраудан» ұтылған «Оқжетпес» турнир кестесінің соңғы сатысына «жақсылап» жайғасты. Дәл қазір көкшеліктерді «көршілерінен» сегіз ұпай бөліп тұр.

Бірінші лигаға ұшудан басты үміткер белгілі болған секілді. Әлбетте, алда әлі алты ойыны бар. Бәрі де әп-сәтте өзгеріп кетуі мүмкін. Дегенмен, сегіз ұпай айырмашылығын қайтару оңай болмас. Оның үстіне, ойындары да жетісіп тұрған жоқ. Соңғы рет шіліңгір шілдеде «Қайсарды» ұтқан «Оқжетпес» содан бері қатарынан бесінші орында жеңілістің кермек дәмін татып отыр. Бас бапкерін алмастырды, сонда да нәтиже бермеді. Бәлкім, мәселе бас бапкерде емес шығар. Өйткені, бұған дейін көкшетаулық команданың тізгінін ұстаған Виктор Пасулько біліксіз мамандардың қатарынан емес еді. Біздің чемпионатта біраз командамен біршама жетістіктерге жеткен. Былтырлары ұлттық құраманы жаттықтырған «Оқжетпестің» қазіргі жаттықтырушысы Нүркен Мазбаев та осал маман емес. Сондықтан, бұл жерде қазақ пен орысға қатар ортақ балық жайлы мақалды еске алып, сол бағытта жұмыс істеген дұрыс секілді.

Рас, негізі «Атыраудың» да жағдайы жетісіп тұрған жоқ. «Мұнайшылар» да алты ойын бойы жеңістің не екенін білмей келді. Сондықтан, «Атырау» басшылығы осы аптаның басында ресейлік маман Сергей Павловты қызметінен қууға мәжбүр болды.

Сонымен, қатты айтсам кешіріңіздер, Көкшетауда осы маусымның ең сорлы екі командасы кездесті. Екеуінің де тізгіні отандық мамандарда. Алаң иелерін Нүркен Мазбаев баптаса, қонақтарды Қуаныш Қабдулов бастап келді. Ал ойын нағыз аутсайдерлердің кездесулеріне тән тең дәрежеде өрбіді. Сондықтан, үш голдың да стандартты жағдайлардан соғылғаны заңдылық. Есепті ашқан «Атырау». Бұрыштамадан асырылған допты серб легионері Предраг Сикимич баспен қақпаға дәл қадады. «Оқжетпес» сапында литвалық қорғаушы Георгас Фрейдгеймас көзге түсті. Игорь Юриннің айып соққысынан кейін әуелеп ұшқан допқа бойшаң қорғаушы басын тоса салды. Дегенмен, үзілістен кейін «Атырау» тағы бір бұрыштамасын кәдеге жаратты. Бұл жолы украиналық қорғаушы Ризван Аблитаров допты қақпаға енгізді. Байқағандарыңыздай, гол соққан үш ойыншы да қорғаушы.

Қорытынды есеп – 1:2, «Оқжетпеске» Бірінші лигаға билет ала беруге болатын сияқты.

«Оқжетпес» (Көкшетау) – «Атырау» 1:2 (1:1)

Гол: Сикимич 15 (0:1), Фрейдгеймас 45 (1:1), Аблитаров 53 (1:2).

Ескертулер: Бөлешев 60, Пасеченко 90+2.

«Оқжетпес»: Стаменкович, Козлов (Шафф 84), Хорват (Федин 69), Фрейдгеймас, Гошкодеря, Юрин, Досмағамбетов, Марочкин, Адырбеков, Волков (Гогуа 46), Бөлешев (к).

Резерв: Әбжанов, Матвеев, Недашковский, Куксин, Дайыров, Кейлер.

«Атырау»: Пасеченко, Джокич, Двалишвили, Лобжанидзе, Сикимич, Аблитаров, Максимович, Әбдрахманов (Эсатов 87), Хайруллин (к) (Қайраллиев 82), Чичулин, Сергиенко (Сүлей 60).

Резерв: Нәрзіқұлов, Саломов, Обшивач, Мәжітов, Қалмұратов, Тәжімбетов.

Төрешілер: Марат Ысқақов (Астана), Нұрлан Жаспенов (Алматы), Андрей Попов (Павлодар). 

Щучинск қаласы, "Жақсы" стадионы. 200 көрермен.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика