Вернуться к списку статей

Бірінші лига – тағдыры "қыл үстіндегі" біріншілік

Футбол
1K
Бірінші лига – тағдыры

Футболдан Қазақстан Бірінші лигасында 9-ақ команда бар. Сол тоғыздың нешеуі келесі маусымда Премьер-лигада ойнайтыны расымен көпшілікті ойландырады.

Маусым алдында қабылданған ереже бойынша биыл Бірінші лигада үздік екі команда Премьер-лигаға тікелей жолдама алуы тиіс. Ал үшінші орын алғаны Премьер-лигада 10-орын иеленген клубпен електік ойын өткізеді. Алайда, бұл туралы Бірінші лиганың биылғы Регламентінен ештеңе таппадық. Әйтеуір, маусым соңында Кәсіпқой лигасы қажетіне қарай бұра тартып, «бүйректен сирақ» шығармаса болғаны.

Дегенмен, Бірінші лиганың қай командалары келесі жылы Премьер-лигада ойнауға құлықты. Шынын айтсақ, «Жетісудан» басқасына аса сенім жоқ. «Қызыл-Жар» дейсіз бе? Рас, Петропавлда қазір көптен күткен жаңа стадион салынған. Алайда, бұл команданың Премьер-лигаға ұмтылғанына талай жыл болды. Әлі нәтиже жоқ. Бірде ұпай жетпей қалса, бірде стадионы салынбай қалып жатты. Бюджеті де көп емес көрінеді. Сондықтан, жеме-жемге келгенде «Қызыл-Жар» Премьер-лигадан бас тартып жатса таңғалмаймыз.

Ал електік кездесуде ойнайтын үшінші команда қайсысы болмақ? Турнир кестесінде үшінші орында «Қайраттың» академиясы тұр. Алайда, «Қайраттың» фарм-клубы болып танылатын олардың електік ойында алаңға шығуларына құқық жоқ. «Қайсардың» фарм-клубы ретінде тіркелген «Байқоңырдың» да жағдайы сол. «Шахтер-Болат» та «Шахтердің» құрылымында. Сонда қалатыны «Мақтаарал», «Қыран», «Каспий» және «Екібастұз». Дегенмен, бірінде Премьер-лигаға жарайтын алаң жоқ, екіншісінде ақша жоқ, үшіншісінде ұпай жоқ болса, төртіншісінде тіпті, жоғары дивизионда ойнайтын құлық жоқ. Сондықтан, маусым соңындағы електік ойында жай ғана «спектакль» тамашалауымыз да әбден мүмкін.

Мейлі, ол жағын уақыты келгенде көре жатармыз. Сәрсенбінің сәтінде өткен төрт ойынға тоқталайық. Талдықорғанның «Жетісуі» күтпеген жерден түзде «Шахтер-Болаттан» ұтылып қалды. Матчтағы жалғыз голды 66-шы минутта Дмитрий Огайдың ардагер қорғаушысы Серік Сағындықов өз қақпасына соғып алды. Дегенмен, бұл жеңіліске қарамастан «Жетісу» басты бәсекелесі «Қызыл-Жардан» әлі сегіз ұпайға алда.

Өз кезегінде Владимир Фомичев шәкірттері Шымкентте «Қыранмен» кездесіп, жарты сағаттың ішінде-ақ ойын тағдырын шешіп тастады. Осыдан кейін ғана алаң иелеріне еркін демалуға мүмкіндік беріп, қақпаларына екі гол жіберді.

«Қайраттың» фарм-клубы Жетісайда «Мақтааралдан» ұтылды. Есепті бірінші болып алматылықтар ашқанымен алаң иелері соңғы 20 минутты белсенді өткізіп, жеңісті жұлып алды.

Ал Ақтаудағы «Каспий» – «Екібастұз» кездесуінде ойын тағдырын екінші таймда Бекзат Қабылан соққан жалғыз гол шешті.

БІРІНШІ ЛИГА

21-тур (20.09.17)

«Шахтер-Болат» (Теміртау) – «Жетісу» (Талдықорған) 1:0 (1:0)

Гол: Сағындықов, 66-автогол.

«Қыран» (Шымкент) – «Қызыл-Жар» 2:3 (1:3)

Голдар: Елмырзаев, 17 (0:1). Алтаев, 23 (0:2). Мульдинов, 36 (0:3). Ахымбеков, 43 (1:3). Абутов, 67 (2:3).

«Мақтаарал» (Жетісай) – «Қайрат-А» (Алматы) 2:1 (0:0)

Голдар: Тұрысбек, 59 (0:1). Қарабек, 70 (1:1). Нәбиев, 93 (2:1).

«Каспий» (Ақтау) – «Екібастұз» 1:0 (0:0)

Гол: Қабылан, 60.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика