Вернуться к списку статей

"Тобылды" жеңген "Ақтөбе" жетінші орынға бір-ақ секірді

Футбол
1K
Бір кездері қазақстандық «эль-классико» саналған «Ақтөбе» – «Тобыл» ойыны 1:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталды. Осы жеңістің арқасында батыстық клуб турнир кестесінде 7-орынға көтерілді.

«Ақтөбе» – «Тобыл». Бір кездері бұл кездесу еліміздегі ең тартысты текетірес болатын. Жанкүйерлер бірін «Реалға», екіншісін «Барселонаға» телитін. Ал қазір екеуі де еліміздегі ортанқол командалардың біріне айналған. Тіпті, «Ақтөбе» аутсайдерлердің бірі ретінде турнир кестесінің соңғы жағында ілмиіп жүрді.

«Ақтөбе» – «Тобыл» (Қостанай) 1:0

Гол: Джозеф Нейн, 44.

Қызыл қағаз: Жасұлан Молдақараев, 84 (Т).

Дегенмен, осы жолғы ойын тартысты өтті. Әсіресе, алаң иелері барын салды. Соңғы бір айда жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген Владимир Муханов шәкірттері фанаттармен болған әңгімеден кейін шынымен де бойларын түзеген секілді. Бір айдың ішінде соңғы орыннан 7-ші сатыға бір-ақ көтерілді.


«Ақтөбе» футболшылары тізгінді бірден қолдарына ұстады. Әсіресе оң қапталы белсенді екен. Негізгі міндеті қорғаныста болғанымен шабуыл шебінде де барын салған Бағдат Қайыровтың қайсарлығына тәнті болдық. 24 жастағы қорғаушының ұлттық құрамамыздың бас бапкері Александр Бородюктің көзіне қалай ілінбей жүргенін қайдам, бірақ осы жолы Бағдат бас командамыздың тым болмаса бір шақыртуына лайық екенін дәлелдеді. Алаң иелерінің шабуылы негізінен осы қазақ арқылы өрбіді. Ал қонақтар «Ақтөбе» қақпасына алғашқы соққыны бар болғаны 30-шы минутта жасады. Алайда, Нұрбол Жұмасқалиевтің айып соққысынан кейін доп қақпадан сәл ғана биік ұшты. Есесіне алаң иелері дәл осындай айып соққысын кәдеге жарата алды. Муарем Муарем айып соққысынан кейін «Тобыл» қақпашысы Дмитро Непогодов допты дәл алдына қайтарып, Қазақстанға «Оқжетпес» арқылы танылған америкалық жартылай қорғаушы Джозеф Нейн ашық тұрған қақпаға бір тепті. Есеп 1:0.

Үзілістен кейін «Тобыл» есепті теңестіруге қанша тырысқанымен алаң иелерінің қорғанысы сыр берген жоқ. Тек 83-ші минутта Жасұлан Молдақараевта гол соғатын тамаша мүмкіндік болған. Алайда, «Ақтөбе» қақпашысы Самат Отарбаев Жасұланды жалпасынан түсірді. Бас төреші Игорь Чесноков бәрін көріп тұрғанымен пенальти белгілеудің орнына Молдақараевқа екінші ескерту қағазын көрсетіп, алаңнан қуды. Қорытынды есеп – 1:0, Қобыланды батыр стадионында тағы да отшашу. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика