Вернуться к списку статей

"Ақтөбе" ФК бас бапкері Игорь Рахаев – Қазақстанда жақсы шабуылшылар өте қат

Футбол
1K
Игорь Рахаев -
«Ақтөбе» футбол клубының бас бапкері Игорь Рахаев командадағы жағдайы туралы айтып, Қазақстанда сапалы шабуылшылардың аздығына назын білдірді.

Украинаның MatchDay сайтына сұхбат берген Игорь Владимирович әзірге жаңа құрам дайындап жатқанын, команданың 70 пайызы жасақталып қойғанын айтты.

– Бұл жиында біз команданың нақты қай шептері әлсіз екендігін, қай шептерін күшейту қажеттігін нақты анықтаймыз. Өкінішке қарай, Қазақстанда шабуыл шебінің ойыншылары өте қат. Сондықтан, бұл мәселені легионерлер арқылы шешу қажет. Ал украиналықтарға келер болсақ, көбі жан-жаққа кетіп қалды. Бірі Түркияда жүр, бірі Еуропада доп тебуде. Бірақ, украиналықтар да бізді қызықтырады. Сондықтан, трансферлік терезе жабылғанша олардың кейбірінің біздің командаға қосылып қалуы ғажап емес, - деді Игорь Рахаев. 

Сондай-ақ, бас бапкер «Ақтөдегі» қаржылық жағдайға да тоқталып, мұнда ең бастысы тұрақтылықтың бар екенін тілге тиек етті.

– Мен қазір Украина клубтарындағы футболшылардың келісімшарттарында қандай сандар жазылғанын білмеймін. Сондықтан, екі елдің чемпионаттарындағы экономикалық жағдай жайлы айта алмаймын. Дегенмен, «Ақтөбеде» бастысы – тұрақтылық бар. 

Осылай деген Игорь Рахаев «Ақтөбенің» алдағы маусымдағы мақсаттары жайлы да айтып, Қазақстандағы қарсыластарының ойындарын да бақылап жүргенін жасырмады.

– Мақсатымыз асқақ. Бір жағынан, алдыңа жоғары мақсаттар қоймасаң, жұмыс істеудің қажеті де жоқ шығар. Алғашқы кезеңдерде біз үшін маңыздысы – Қазақстан чемпионатындағы көшбасшылармен терезесі тең дәрежеде тіресе алатындай мықты ұжым құру болмақ. Әлбетте, «Ақтөбенің» бұрынғы ойындарын бейнетаспадан тамашалап, Қазақстан чемпионатымен танысып шықтым. Бірақ, әлі Қазақстан чемпионатының ойындар кестесі дайын болған жоқ. Соған қарамастан Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарында өзге командалардың да ойындарын мүмкіндігімше бақылап жүрмін. 

Естеріңізге сала кетейік, 12 қаңтардан бері Түркияның Белек қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізіп жүрген «Ақтөбе» футбол клубы 1 ақпанға дейін Жерорта теңізінің жағалауында болады. Осы күнге дейін үш жолдастық-бақылау кездесуін өткізіп, бірінші матчта Албанияның «Фламуртари» командасынан 0:1 есебімен жеңіліп қалса, одан кейінгі екі ойынды ұтты. Алдымен Махачкаланың «Анжиін» 1:0 есебімен ұтты. Одан кейін Хабаровск қаласының «СКА» клубын 2:0 нәтижесімен тізе бүктірді. Енді 31 қаңтар күні Венгрияның «МТК Будапешт» командасымен кездеседі.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика