Вернуться к списку статей

«Ертіс» өз алаңында «Ақжайықтан» да ұтылатын халге түсті

Футбол
1K
«Ертіс» – «Ақжайық» – 0:1. Фото: fcirtysh.kz
Төртінші орыннан дәмелі «Ертіс» өз алаңында көш соңындағы команданың бірінен, атап айтқанда, «Ақжайықтан» ұтылып қалды.

«Ертіске» не болғанын түсіну қиын. Тамыз айының бірінші жартысында Павлодар клубын алға жетелеп жүрген Болгария маманы Димитар Димитров өз еліне кетті. Ал осыдан төрт-бес күн бұрын тәжірибелі ойыншыларының бірі Казбек Гетериевпен арадағы еңбек келісімін бұзды.

Ал бүгін «Ертіс» өз алаңында «Ақжайық» клубынан ұтылып қалды. Осыдан бес тур бұрын, 30 шілде күні екеуі Оралда кездесіп, павлодарлықтар 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. Ол кезде команданы Димитар Димитров жаттықтыратын...

«Ертіс» бірінші айналымда да «Ақжайықты» жеңген. 8 наурыз күні Павлодарда өткен матчта 2:1 есебімен басым түскен еді. Ал бүгін ұтылды. Алаң иелерінен жеңіске деген жігерліктің нышанын байқау қиын. Қонақтарының қақпасына қауіп бұлтын төндіре де алмады...

«Ертістің» ойыншылары қазіргі бас бапкерінің, яғни Украина маманы Вячеслав Грозныйдың айтқандарын түсінбей жүр ме, әлде оған өкпелі ме, айыру қиын. Бұлай дейтін себебіміз, өткен турда, «Тобылдан» ұтылып қалған соң, жаңа жаттықтырушы өз шәкірттеріне көңілі толмайтындығын жайып салған...

Ал «Ақжайық» жарады. Ерке Ертіс жағасынан үш ұпай олжалады. Сөйтіп, 11-орыннан екі саты жоғары көтерілді. Жас таланты Юрий Перцух қандай әдемі гол соқты десеңізші?! Алаң иелерінің 5-7 ойыншысы орталарындағы жалғыз футболшыға ие бола алмай, аңтарылып тұрып қалды...

«Ертіс» – «Ақжайық» – 0:1 (0:0)

Гол: Перцух, 72.

Ескертулер: Заречный, 33. Николич, 40. Дарабаев, 74.

Алаңнан қуылды: Алиев, 90.

«Ертіс»: Лория (к), Есімов, Маслач, Стаменкович, Кислицын, Живкович (Калинин, 70.), Родриго, Алиев, Дарабаев (Шабалин, 77), Фонсека, Бугаев (Фофана, 70).

Қосалқы құрам: Калмыков, Огиря, Попов, Смайылов, Түлиев, Дәуітов.

«Ақжайық»: Котляр, Ерсәлімов, Николич, Одибе, Сапанов (к), Шмидт, Говедарица, Главина (Аяғанов, 90+1), Перцух, Заречный (Тапалов, 62), Дурович (Коронель, 70).

Қосалқы құрам: Төлебаев, Аренас, Дудченко, Зұлпықаров.

Төрешілер: Абдуллаев (Қаратау), Филоненко, Полуэктов (екеуі де – Тараз).

16 қыркүйек, 2017. Павлодар, «Орталық». 2500 көрермен.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика