Вернуться к списку статей

Бородюк айта салады, сөз қазақ футболына тиеді

Футбол
1K
Бородюк айта салады, сөз қазақ футболына тиеді
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Александр Бородюктің алаңдағы көрсеткіштеріне ғана емес, ғаламтор беттеріндегі сөздеріне де бүкіл жанкүйер күліп жатыр.

Қыркүйектің басында ұлттық құрамамыздың Варшавадағы сапарында қазақстандық журналистерге кеңейтілген сұхбат берген Александр Бородюк «Ресей ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовпен сөйлесіп жатырмын. Қараша айында солармен жолдастық кездесу өткізуіміз мүмкін» деп қалды. Аузынан қалай шығып кеткенін өзі де білмей қалды-ау деймін. Өйткені, оның бұл сөздерін Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты қостаған жоқ. Бұл туралы ресми мәлімдеме де жасамады. Алайда «айтылған сөз атылған сөз» деген рас қой, Бородюктің «отыз тісінен шыққан сөз отыз түрлі елге тарап», жанкүйерлер арасында қызу талқыға түсті.

Әлбетте, Бородюктің сөздеріне күмәнмен қарайтын отандық БАҚ Қазақстан – Ресей жолдастық кездесуінің өту мүмкіндігіне аса мән бермедік. Себебі, біз алдымен ресми ақпараттарға сүйеніп үйренгендердің қатарынанбыз. «Құйрығымен сүңгігендердің» сөздері назар аудара қоймаймыз. Дегенмен, ресейлік БАҚ пен мамандары Бородюктің сол «сандырағын» әлі ұмыта алмай жүргенге ұқсайды. Солардың сөздері жанымызға батады. Мәселен, жай ғана бапкерден Ресей Думасының депутатына дейін көтерілген Валерий Газзаев былай депті:

– Соншалықты қаяулы болмағанда бұл нәрсе күлкілі болар ма еді. Бізге әрдайым Бразилия, Аргентина сияқты ТОП құрамалармен жолдастық кездесу өткізуге уәде береді де, олардың орнына ұлттық құрамамыз Корея, Иран, Қазақстан сияқтылармен ойнаймыз.

Менсінбеушіліктің табын сіз де сезіндіңіз бе? Газзаев бізді қарсылас көріп те тұрған жоқ. Көздегені басқа командалар. Дегенмен, кезінде өзінің ұлын «Ақтөбеге» орналастырғанда оның біздің футбол туралы пікірі мүлдем басқаша еді ғой. Ал расын айтқанда, біздің жанкүйерлердің де Ресеймен кездескісі келіп тұрғаны шамалы. Бізге де Қазақстан футбол федерациясы мықты әрдайым мықтылармен жолдастық кездесу өткізуге уәде беріп келеді.


Ал өткенде Ресей футбол одағының президенті Виталий Мутко да осы туралы «бес тиынын» қыстырды.

– Әлем чемпионатына дейін Қазақстанмен кездесуді жоспарлап жатқан жоқпыз. Көптеген федерациялармен келісімсөздер жүргізіп жатырмыз. Бірақ, Мундиальға қатысатын командалармен ғана жолдастық кездесу өткіземіз. Солардың бірі – Оңтүстік Корея және Иран – деңгейлері жоғары құрамалар, - деген сол кезде Мутко.

Ресейлік спорт сайттарында қалдырылған оқырмандардың пікірі бұдан өтеді. Арасынан «Қазақстанмен ойнағанша Адыгея округімен жолдастық кездесу өткізейік», «Бұл Динамо-2» деп неше түрлі пікір қалдырып жатқандар да жетерлік.

Иә, қазақ футболы туралы Ресейде мұндай пікірлердің тууына жол беріп қойған Бородюктің өзі. Қатарынан бес ойында жеңіліске ұшыраған командамен кім жолдастық кездесу өткізгісі келе қойсын?! Ал ең абзалы – артыңды ойлап, артық сөзге жол бермеу. Әлде, Бородюкті еркінсітіп қойған Федерацияның өзі ме?  

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика