Вернуться к списку статей

Ертіс – Тобыл 1:2. Павлодарлықтар Димитровты жылап еске алады

Футбол
1K
«Тобыл» түзде «Ертісті» тізерлетті
«Ертіске» биыл «Тобылды» мойындату оңай болмай тұр. Үш рет кездескен. Біреуінде ғана тең түсіпті. Бұған дейін де Павлодарда жеңілістің кермек дәмін татқан. Бүгін де ұтылды.

Бұл турнир кестесіндегі көршілердің дербиі болатын. «Ертіс» бір саты жоғары тұрды. Бірақ, бүгінгі ойыннан кейін командалардың орындары ауысып, төртінші орынға «Тобыл» шықты.

Дегенмен, матч алдындағы фаворит павлодарлықтар еді. Алаң иелеріне сенгендер көбірек болды. Өйткені, бұған дейін «ертістіктерді» оята алмаған Вячеслав Грозный командасын осы ойында тік тұрғызуы керек-ті. Алайда, «Тобыл» тағы да үстем болды.

Бірінші голды қостанайлықтар бірінші таймның аяқталуына 5 минут қалғанда соқты. «Ақтөбеде» аз уақыт болса да бірге доп тепкен Дидар Жалмұқан мен Дмитрий Мирошниченко оң қапталда пас алмасып, жақында ғана жастар құрамасында доп теуіп, Франция қақпасына гол соғып қайтқан Дидар допты қарсыласының ауынан өткізіп, Щеткиннің аяғына дәл жеткізді. Алексейге тек аяғын тосу ғана қалды. Алайда, бұл жерде Левандовскийдің мәнерінде пас берген Мирошниченконың да шеберлігін де айта кетуіміз қажет.

Үзілістен кейін алаң иелері таразы басын теңестіруге қанша тырысқанымен «Тобылдың» қақпасынан саңылауды 73-ші минутта ғана тапты. Онда да Ника Квекверскири өз қақпасына соғып алды. Әйтпесе, Илья Калинин допты қақпаға емес, басын көтерместен айып алаңына сырғыта тебе салған болатын.

Әйтседе, грузиялық легионер Квекерскири жеңісті жұлып алуға барын салды. Доп қайда болса, ол сонды шапқылап жүрді. Фернандо Кассайдың басына допты салып берген де осы ойыншы.

Осылайша «Тобыл» биыл «Ертісті» екінші рет ұтып, турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді. Ал павлодарлықтардың жеңістің дәмін сезіп көрмегеніне төрт ойын, яғни бір ай болды. «Ертісті» тіпті, Вячеслав Грозный да оята алмай жүр. Соңғы төрт кездесуден команда үш қана ұпай алған.

«Ертіс» (Павлодар) – «Тобыл» (Қостанай) 1:2 (0:1)

Голдар: Щеткин, 41 (0:1). Квекерскири, 73-автогол (1:1). Кассай, 83 (1:2).

Ескертулер: Стаменкович 66 – Мухутдинов 27, Шиков 54, Мирошниченко 86.

«Ертіс»: Лория, Фонсека, Живкович, Фонсека, Фофана (Бугаев 66), Маслач (Әлиев 61), Стаменкович, Калинин (Огиря 78), Кислицын, Дарабаев, Есімов.

«Тобыл»: Непогодов, Квекерскири, Жулпа, Кассай, Ллуллаку (Вух 79), Шиков, Жалмұқан (Сартаков 88), Мирошниченко, Мухутдинов, Щеткин, Жұмасқалиев (Жарынбетов 75).

Төрешілер: Қумашев (Астана), Құсайынов (Астана), Бельский (Тараз).

Павлодар қаласы, Орталық стадион, 2500 көрермен.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика