«Астана» футбол клубының шабуылшысы Джуниор Кабананганың отандастары, яғни Конго ДР құрамасы 29 қаңтар күні Гана футболшыларымен кездеседі. «D» тобының ойындары ең соңынан аяқталып, Египет пен Гана бірінші орынды сарапқа салған болатын.
Бұған дейін алты ұпаймен көш бастап келе жатқан Гана құрамасы еншісінде төрт ұпайы ғана бар Египет ерлерінен 0:1 есебімен ұтылып қалды. Сөйтіп олар екінші орынға ығысып, әр ойында бір голдан соғып жүрген Кабананганың отандастарымен кездесетін болды.
Айтпақшы, ХХХІ Африка ұлттары кубогының топтық кезеңі қорытындыланып, таңдаулы құрамы құрастырылыпты. Шабуыл өтінде – үш голмен сұрмергендер тізімін жеке-дара бастаған Джуниор Кабананга. Енді осы құрамамен таныс болыңыздар:
қақпашы – Абдулайе Диалло (Сенегал, «Ризеспор»);
қорғаушылар – (солдан оңға қарай) Али Маалуль (Тунис, «Аль-Ахли»), Мбодж Кара (Сенегал, «Андерлехт»), Шансель Мбембе (Конго ДР, «Ньюкасл»), Иссама Мпеко (Конго ДР, «Мазембе»);
қорғанысқа тірек болар шеп – Мубарак Буссуфа (Марокко, «Аль-Джазира»), Шейху Куяте (Сенегал, «Вест Хэм»)
өос қапталдағы жартылай қорғаушылар – Кейта Бальде (Сенегал, «Лацио»), Кристиан Атсу (Гана, «Ньюкасл»);
шабуыл үйлестіруші – Наим Слити (Тунис, «Лилль»),
шабуылшы – Джуниор Кабананга (Конго ДР, «Астана).
Бас бапкер – Эрве Ренар (Марокко құрамасы, Франциядан)
Қазақстан чемпионатында ойнайтын шабуылшының Еуропаның деңгейі жоғары лигаларында ойнайтын сұрмергендерден асып түсіп, таңдаулы құрамаға ілігуі – үлкен жетістік, әрине. Өздеріңіз көріп отырсыздар, бұл құрамда Англия, Франция, Италия, Бельгия, Түркия чемпионаттарында өнер көрсететін қас шеберлер бар.