Вернуться к списку статей

«Астана» «Атырауды» жүндей түтті – 7:0

Футбол
1K
«Астана» – «Атырау» – 7:0. Фото: fca.kz
«Астана» футбол клубы ХХVІ турда «Атырауды» өз алаңында қабылдап, 7:0 есебімен күйрете жеңді.

Биыл «Астана» «Атырауды» үшінші рет тізе бүктірді. Бірінші айналымда (бесінші турда) Жайық жағасында 1:0 есебімен жеңіске жеткен болатын. ХV турда, Сарыарқа төсінде 4:0 есебімен басым түсті. Ал бүгін жауапсыз жеті гол соғып, жүндей түтті. Сонда, үш ойында 12:0 есебімен үстем түсіп отыр.

Бүгін «Астана-Арена» стадионында өткен ойында ел чемпионы айқын басымдықпен жеңіске жетті. Қарсыласының адымын аштырмады. Алаңның ортасына да жеткізбей, кері қарай тықсырумен болды. «Атырау» футболшылары білгендерінен жаңылып, Ненад Эрич қорғаған қақпаға жақындай да алмады.

Бірініші таймда Серікжан Мұжықов екі рет пәрменді соққысымен «Атыраудың» қорғаушыларын да, қақпашысын да қапы қалдырды. Ойынның бірінші жартысы аяқталуға айналғанда Роман Муртазаев теңбіл допты үшінші рет қақпа торында тулатты.

Екінші таймда Серікжанның хет-трик жасайтын мүмкіндігі болған. Бірақ асығып, қақпадан биік тепті. Есесіне, «Астананың» легионерлері қарқындарын үдетіп, төрт гол соқты. Марин Томасов екі гол, ал Срджан Граховац пен Патрик Твумаси бір голдан соғып, есепті ұлғайта түсті.

«Астана» футболшыларының гол соғатын тағы да бірнеше мүмкіндіктері болды. Әйтсе де, жеті гол да аз емес. Бұл – биылға маусымдағы ең ірі жеңіс. Айтпақшы, бұл ойында ел чемпионының сұрмергені Джуниор Кабананга болған жоқ. Егер ол алаңда болғанда, не болар еді?..

«Астана» – «Атырау» – 7:0 (3:0)

Голдар: Мұжықов, 28. Мұжықов, 38. Муртазаев, 44. Томасов, 60. Граховац, 69. Твумаси, 87. Томасов, 89.

Ескерту: Сүлей, 43.

«Астана»: Эрич (к), Шомко (Бейсебеков, 64), Постников, Аничич, Шитов, Маевский, Граховац, Томасов, Мұжықов (Тағыберген, 67), Твумаси, Муртазаев (Логвиненко, 64).

Қосалқы құрам: Мокин, Дүйсен, Жақыпбаев, Прокопенко, Шайыхов, Малый.

«Атырау»: Нарзикулов, Лобжанидзе, Обшивач, Джокич (Саломов, 64), Чичулин, Сергиенко, Максимович, Сүлей, Хайруллин (к) (Жағоров, 66), Сикимич, Двалишвили (Әбдірахман, 67).

Қосалқы құрам: Пасеченко, Аблитаров, Мәжитов, Эсатов, Коробов, Тәжімбетов.

Төрешілер: Гаузер, Бейжанов, Виноградов (бәрі де – Петропавл).

09 қыркүйек, 2017. Астана, «Астана Арена». 2500 көрермен.


Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика